Алмазбек Атамбаев бірнеше аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталды

Қырғызстан Бас прокуратурасының өкілдері Алмазбек Атамбаевқа қандай айып тағылғанын айтты. Бұл туралы 24.kg агенттігі хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметінше, 7-8 тамыз күндеріндегі оқиғалар бойынша бірнеше қылмыстық өндіріс тіркелді. Олар тергеу шараларын жүргізуге кедергі келтіру, жаппай тәртіпсіздік, кепілге алу, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану, кісі өлтіру және қастандық деректері бойынша қозғалып отыр.

Соның ішінде Алмазбек Атамбаевқа қатысты аса ауыр қылмыстар — құқық қорғау органдарына күш қолдану, кісі өлтіру, кепілге алу, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылды.

Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Алмазбек Атамбаевты мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деп айыптап отыр.

Еске салайық, 7 тамыз күні Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы резиденциясына екі рет басып кірмек болған еді. Екі операция да сәтсіз аяқталды. Атамбаевтың жақтастары арнайы жасаққа тойтарыс берді.

8 тамыз күні Алмазбек Атамбаевты ұстау арнайы операциясын Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы жүргізді. Оқиға орнына 3 мыңға жуық милиция қызметкері мен арнайы техникалар келді. 2 сағатқа созылған текетірестен соң Алмазбек Атамбаев милицияға берілуге келісті. Ішкі істер министрлігі оған сотталған Азиз Батукаевты заңсыз босату, яғни сыбайлас жемқорлық дерегі туралы қылмыстық іс бойынша айып таққан. Бішкектің Первомай ауданының судьясы Алмазбек Атамбаевты 26 тамызға дейін қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Екі күн ішіндегі тәртіпсіздік кезінде барлығы 136 адам зардап шекті. Арнайы жасақтың бір өкілі қаза тапты.