18 тамыз күні Алматыда 7 көше учаскесі жабылады

«Бірінші болу батылдығы» қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, алтыншы рет өтетін Tour of World Class Almaty веложарысына 850 қатысушы тіркелді. Жарыс 08.00-де Mega Center Alma-Ata-2 сауда — ойын-сауық орталығы алдынан басталады.

Веложарыс жылына бір рет өтеді. Бұл жолы Қазақстанның түкпір-түкпірінен және басқа елдерден жиналған велосипедшілер стартқа шығады. Ұйымдастырушы ретінде біздің міндетіміз — маршруттың басталуы мен аяқталуына дейін қатысушыларға қауіпсіз жағдайды толық қамтамасыз ету. Осыған орай қозғалыс жартылай шектеулі болады және спортшылардың өз қашықтығын жүріп өтуіне қарай ашылады. Біз қала тұрғындары түсіністік танытып, қолдайды деп үміттенеміз, — дейді Tour of World Class Almaty веложарысын ұйымдастырушы «Бірінші болу батылдығы» корпоратив қорының директоры Салтанат Қазыбаева.

Веложарысқа байланысты Алматыда мына көше учаскелері жабылады:

Розыбакиев көшесінің Левитан көшесінен әл-Фараби даңғылына дейінгі аралығы 05.30-дан шараның соңына дейін;

әл-Фараби даңғылының Розыбакиев көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі аралығы 06.00-дан 10.30-ге дейін;

Саин көшесінің Розыбакиев көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі аралығы (Жандосов, Шаляпин, Абай, Төле би, Райымбек батыр көшелері) 06.00-дан 11.30-ге дейін;

Рысқұлов даңғылының Саин көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі аралығы 08.30-дан 12.00-ге дейін жабылады.

Момышұлы көшесінің Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі аралығы 08.30-дан 12:00-ге дейін;

Ақын Сара және Ақ Қайнар көшелерінің аралығы 08.30-дан 12.00-ге дейін;

Ақ Қайнар көшесінің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына және Бұрындай полиция полкына дейінгі аралығы 08.30-дан 12.00-ге дейін.

Аталған жол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылады.

Алматы веломарафоны маршруты
Алматы веломарафонының маршруты: «Бірінші болу батылдығы» қорының баспасөз қызметі

Соңғы қатысушы сағат 12.00-ге дейінгі қашықтықты өткеннен кейін ғана автокөлік қозғалысы толық қалпына келеді. Қала тұрғындары мен қонақтарынан веложарыс өтетін күнгі кесте мен маршрутты алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — деп хабарлады «Бірінші болу батылдығы» қорының баспасөз қызметі.