Басты бетЖаңалықтарАзаматтардың травматика...

Азаматтардың травматика сатып алуына рұқсат беріле ме?

Нұр-Сұлтандағы брифинг кезінде журналистер мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін қоғам мүшелері көтерген мәселені еске салды. Ол — өзін-өзі қорғау мақсатында азаматтарға травматика қаруын сатып алуға рұқсат беру.

Бұл мәселені қарастырдық. Бірақ оған мұқтаждық жоқ. Біз талдау жүргіздік. 2014 жылы травматика қаруын сатып алуға тыйым енгізілді. Соңғы 5 жылда нәтиже бар. Неге бұрын травматиканы сатып алуға рұқсат берілген? Оны көбі теріс мақсатта қолданды… Май құю бекеттерінде де қару қолданылған жағдайлар болды. Өзін-өзі қорғау мақсатында емес, керісінше, теріс мақсатта: қарақшылық пен бұзақылық үшін қолдану жағдайлары көп болды. Сондықтан басқа елдердегідей бізде де тыйым салынды. Қазір оны алып тастауға қажеттілік жоқ, — деді Мақсат Байболов.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қазіргі уақытта Қазақстанда пневматика қаруы мен газ баллоншаларын сатып алу тәртібі өзгергенін айтты. Себебі азаматтар арасында мұндай қаруды да теріс мақсатта қолдану жағдайлары тыйылмай отыр.

Жаңа ережемен ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қару (пневматика, дабыл қағу қаруы) мен газшашқыштарға қатысты тәртіп бекітілді. Енді ондай қару-жарақты сатып алу үшін адам өзінің кәмелет жасына толғанын растап, дүкенге сотталмағаны, қару ұстауға медициналық рұқсаты бары және қару-жарақты қауіпсіз қолдану туралы білімі бар екені туралы анықтаманы ұсынуы қажет, — деді Мақсат Байболов.

ДереккөзTengrinews.kz