17 қазан күні Қырымдағы Керчь политехникалық колледжінде 4-курс студенті, 18 жастағы Владислав Росляков тегіс ұңғылы Hatsan Escort қаруымен адамдарға оқ атып, оқу орнының асханасында зақымдаушы металл толтырылған жарылғыш затты іске қосты. Кейін өзі де атылып өлді. Росляковтың қолынан 20 адамның қаза тапқаны белгілі болды. 50-ден астам адам жарақат алды.

Адам психикасы әлсіреп барады

Әлемнің әр түкпіріндегі оқу орындарында жастар ұйымдастыратын қанды қырғындар хронологиясы, өкінішке қарай, тағы тыйылмай отыр. Керчь трагедиясынан қандай сабақ алу керек? Балалар мен жасөспірімдердің өз ортасына қатыгездік жасауының сыры неде? Қатыгез бала қайдан шығады? Қандай мәселелерге көңіл бөлу керек? Бұл туралы психолог Сая Бақимова пікірін айтты.

Сая Бақимова
Сая Бақимова. Фото жеке мұрағаттан

“Адам псиxикасы жылдан-жылға әлсіреп барады. Осыдан 9 жыл бұрын ЮНЕСКО мынадай ақпарат жариялап еді: әлемде псиxикалық ауытқуы бар адам саны қатерлі ісік, туберкулез, жүрек ауруларымен ауыратын адам санынан әлдеқашан асып кетті. Әлемде әрбір төртінші адамда псиxикалық ауытқу бар. Псиxикалық ауытқу дегенде невротикалық, псиxотикалық және осы екі шектің арасындағы аралық ауытқуларды айтамыз. Невротикалық ауру осының ішіндегі ең таныс, ең жеңіл формасы деуге болады. Адамдардың 80%-ы өмірінде әйтеуір бір рет депрессия, паникалық шабуыл, қорқыныш сияқты псиxологиялық қиындықтарға ұшырасқан. Алайда ХХ ғасырда әлемде невротикалық ауытқулар көбірек тіркелсе, қазір олар псиxикалық ауытқулар тізімінің ең соңғы жағында. Бұл – псиxикалық ауытқулар күрделеніп жатыр деген сөз. Бұл – үлкен проблема. Қазақстанда 2016 жылғы мәлімет бойынша 213 000 адам ресми түрде псиxиатриялық ауруxанада есепте тұр, жарты жылда орта есеппен 20 000 адам тіркеледі. Ал ешқашан көмек сұрап бармаған, есепке алынбаған адам қаншама?!” – дейді психолог.

Сая Бақимованың айтуынша, елімізде 33 псиxиатриялық ауруxана бар, мамандар тапшы, орын тапшы. Себебі үлкен стигма бар, яғни псиxиатр болуға, псиxикасы бұзылған адамдармен жұмыс істеуге қорқыныш бар.

Жалақысы да төмен. Кім барады жұмыс істеуге? Сонша адамға кім көмектеседі? Бұл жерде ерте диагностика мәселесі де (неғұрлым ерте диагноз қойылса, соғұрлым сапалы көмек көрсетуге болады), ұзақ уақытты талап ететін емдеу мәселесі де жатыр. Суицид те – қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі. Осыдан 3 жыл бұрын Informburo.kz сайты Қазақстан суицид бойынша әлемде бірінші орында екенін жазды. Суицид те – адамдағы агрессияның сыртқа шығу жолы, бір адам қолына қару алып шабуылға шығады, ал екінші адам өзіне қол жұмсайды. Кейде екі жағдайдың бірдей кездесетін кезі де болады, – дейді Сая Бақимова.

Психологтың айтуынша, қазіргі адамдар ақпараттық кеңістікте, экономикалық, кәсіби сфераларда көп нәрсеге көңілі толмағаннан орасан зор стреске ұшырап жатыр. Оның үстіне, бұған бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас құру машықтарының жоғалуы да қатты әсер етеді.

Адам жаны бәрібір жылулықты қалайды, бәрібір жалғыздықтан жапа шегеді. Жаны қиналған, ешкім көмектеспей ашынған адам қандай әрекетке бара алатынын елестетіп көрудің өзі қорқынышты. Мемлекет осы мәселеге ден қоюы керек. Адамдар псиxологиялық сауатты, дер кезінде көмекке жүгіне алатын, өздерінің псиxикалық аxуалын байқай алатын жағдайға жетуі керек, – дейді маман.

Керчь трагедиясы және “Колумбайн”

Ақпарат құралдары Владислав Росляковтың 1999 жылы Американың Колорадо штатындағы “Колумбайн” мектебінде болған жаппай кісі өлтіру сценарийі бойынша әрекет еткенін жазып жатыр. Қылмысқа барған жігіт шаш үлгісін сол “Колумбайн” трагедиясына кінәлілердің бірі – Эрик Харристікіндей етіп қиып, оған сырттай еліктеген. Ал қырғын ұйымдастырған күні колледжге “Ненависть” деп жазылған ақ жейде киіп келген. “Колумбайнның” екінші лаңкесі – Дилан Клиболд болса, Wrath деп жазылған қара футболка киген еді. Бұл қанды оқиғаның әйгілі оригиналдан айырмашылығы – Росляков қылмысты жалғыз өзі жасап отыр.

Владислав Росляков
Владислав Росляков. Фото: Bulgartimes.com

1999 жылдың 20 сәуірінде Американың Колорадо штатындағы “Колумбайн” мектебінде осы білім мекемесінің екі оқушысы Эрик Харрис пен Дилан Клиболд қанды бүлік жасаған еді. Олар әуелі мектепке бомба қойып, жарылыс кезінде сыртқа қашқан адамдарға оқ атуды жоспарлайды. Бірақ бомба жарылмай қалған кезде екеуі ғимаратқа кіріп, қамсыз адамдарды қырып салады. Кейін тергеу қылмыскерлердің әр адамды өлтірер алдында оларды қорқытып, қатты келемеждегенін анықтады. Қос лаңкес 13 адамды өлтіріп, 23-іне зақым келтірді. Содан кейін өз-өздерін бастан атып тастаған.

Бұл оқиғадан соң қылмыскерлердің агрессиясына, олардың маниакал жағдайға ұшырауына мектептегі буллинг пен шеттету себеп болды деген жорамал жасалды. Тергеудің де мұндай нұсқаға сүйенуіне қырғын кезінде оқ тигенімен ажалдан аман қалғандардың және Харрис пен Клиболдтың ата-анасының берген түсініктемелері негіз болды.

“Колумбайн” трагедиясынан кейін әлемнің әр түкпірінде, әсіресе, АҚШ-та, Финляндия мен Ресейде балалар мен жасөспірімдердің психологиялық күйзелістен соң өз мектебінің ұжымына лаңкестік жасауы жиіледі. Өтпелі кезең психологиясы еліктегіш келеді, сол себепті Харрис пен Клиболдтың әрекетін көшірмелеуге тырысқандар көп. Мектеп террорлары “Колумбайнға” дейін де болған, бірақ жастарға, әсіресе, интернетте Харрис пен Клиболд қырғыны көп ықпал еткен. Бұған ол туралы фильмдердің түсірілуі де себеп екені рас.

Қорқынышты хронология

  • “Колумбайн” қырғынынан бір аптадан кейін Канаданың Табер қаласындағы W. R. Myers High School мектебінде 14 жастағы Тодд Смитт Кэмирон жартылай автомат винтовкамен екі адамды атып тастады. Олардың біреуі аман қалды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі лаңкестің қаруын жылдам тартып алмағанда құрбандардың саны көп болуы мүмкін еді. Кэмирон сотта “Колумбайн” оқиғасынан “шабыт алғанын” айтқан. Лаңкестің бостандыққа шыққанына 13 жыл болды.
  • “Колумбайннан” бір ай өткенде Американың Джорджия штатындағы Heritage High School-да 15 жастағы Томас TJ Соломон револьвермен және винтовкамен алты адамға оқ атты. Адамдар аман қалды, қылмыскер полицияға қарсылық көрсетпеді. Ол да “Колумбайн” оқиғасын қайталауға тырысқанын және Харрис пен Клиболд сияқты “Плащтар мафиясы” ұйымына мүше екенін айтты. Томас TJ Соломон 2040 жылы бостандыққа шығады.
  • 2001 жылдың 5 наурызында Калифорния штатындағы Santana High School-да 15 жастағы Чарльз Уильямс өз мектебінің ұжымына қос тапаншамен оқ атты. Екі оқушы өліп, тағы 13 бала жараланды. Полиция Уильямсті бірден қолға түсірді. Ол “Колумбайнды” қайталағысы келгенін мойындады. Калифорния лаңкесі 2052 жылы бостандыққа шығады.
  • 2002 жылдың 26 сәуірінде Германияның Эрфурт қаласында 19 жастағы Роберт Штайнхойзер өзі бұрын оқыған “Гутерберг” гимназиясына келіп, 16 адамды және өзін атып тастады. Ол 70 адамды өлтіруді жоспарлаған. Өзін оқудан шығарып жіберген ұжымнан осылай өш алған Штайнхойзер “Колумбайн” сценарийімен әрекет еткен.
  • 2003 жылы Джорджия штатындағы “Лавджой” мектебінің 14 жастағы оқушысы сыныптастарын атып тастауға әрекеттенген. Бірақ ойы іске аспады. Тұтқындалған оқушы “Колумбайн” оқиғасы тәрізді қырғын жасағысы келгенін мойындады.
  • 2004 жылы Луизиана штатындағы бір оқушының басына “Колумбайн” қырғынын жасау идеясы келеді. Бірақ оның бұл жоспарын білген сыныптастарының бірі полицияға хабар береді. Оқушы Харрис пен Клиболд ұйымдастырған қанды оқиғаның бес жылдығына арнайы әзірленгенін айтты.
  • 2005 жылдың 21 наурызында Миннесотадағы Ред-Лейк мектебінде 16 жастағы Джеффри Уиз 12 адамға оқ атып, соңында өзін-өзі өлтірді. Бес адам тірі қалды. Уиз мектептегі қырғынның алдында атасы мен оның азаматтық әйелін атып тастаған. Полиция қартқа тапанша мен помпалы қарудан 12 рет оқ атылғанын анықтады. Куәгерлер Уиздің “Колумбайн” қылмыскерлеріне еліктеп, құрбандарын өлтірер алдында “Құдайға сенесің бе?” деп сұрақ қойғанын айтты. Тергеушілер жасөспірімнің мектепте көпшілік ұната қоймайтын бала болғанын, өзгелердің оны жиі мазақ қылғанын анықтады.
  • 2006 жылдың 15 қыркүйегінде Висконсин штатындағы East High School қанды оқиға тағы қайталана жаздады. 17 жастағы Уильям Корнелл мен Шон Штурц 10 атыс қаруын, 20 жарылғыш зат, газға қарсы жабдық, рациялар мен жүздеген патрон әзірлеген. “Колумбайн” қылмыскерлері сияқты қоштасу хатын жазған. Бірақ полиция лаңкестікке жол бермеді. Корнелл 2026 жылы, Штурц 2031 жылы бостандыққа шығады.
  • 2007 жылдың 16 сәуірі күні АҚШ тарихында оқушылар мен студенттер жасаған қанды қырғынның ең ірісі болды. Оңтүстік Кореядан келген 23 жастағы студент Чо Сын Хи әуелі екі тапаншамен жатақханада және кейін Виргиния политехникалық институтының оқу корпусында көпшілікке оқ жаудырды. Қырғын барысында интернетте қоштасу хатын жариялап, NBC телеарнасына видеожолдау жөнелтіп үлгерген. Соңынан өзін самайдан атып өлтірді. Оқ тиген 57 адамның 24-і тірі қалды. Полиция лаңкестің барлығы 175 оқ атқанын анықтады. Чо Сын Хидің бала күнінде аутизммен ауырғаны, кейін мектептегі буллингтің әсерінен шизофренияға шалдығып, агрессияға бейім жігітке айналғаны белгілі болды. Соңғы хаттарының бірінде ол Харрис пен Клиболд айтқан әйгілі “Өздеріңіз мені осыған итермеледіңіздер” деген фразаны жазған, ал телеарнаға жолдаған видеосында “әлсіздер мен қорғансыздар үшін өзін Иса пайғамбар сияқты құрбан ететінін” айтқан.
  • 2007 жылдың 7 қарашасында Финляндияның Йокела қаласында 18 жастағы Пекка-Эрик Аувинен пистолетпен өз лицейіндегі 6 оқушыны, медбике мен директорды атып тастады. Кейін өзіне-өзі оқ атты. Полиция лицейде құрдастарының Аувиненді жиі мазақтайтынын анықтады. Ал марқұмның трагедиядан бір күн бұрын YouTube-те жариялаған Jokela High School Massacre – 11/7/2007 (“Йокела мектебіндегі қырғын” – 11/7/2007) атты видеосынан Харрис пен Клиболд түсірген әуесқой видео үзінділері табылды. Бұл видеоға ешкім мән бермеген. Өзін “Қоғамды қажетсіз адамдардан тазартушы” санаған Аувинен көп адамды өлтіруді жоспарлаған. Сатып алған 300-ден астам патронының 106-сын қолданған. Абырой болып, көбі адамдарға тимей қалған.
  • 2007 жылдың 9 қарашасында Финляндияда 16 жастағы оқушы ұсталды. Пекка-Эрик Аувиненмен байланыс жасап, “Колумбайнмен” рухтанған ол да бір мектепте қырғын ұйымдастырмақ болған.
  • 2007 жылдың 11 қарашасында Американың Филадельфия штатында полиция 14 жастағы Дилан Коссиді тұтқындады. Жасөспірім өз мектебінің ұжымын жаппай атып тастағысы келген. Коссидің Пекка-Эрик Аувиненмен интернет арқылы сөйлескені анықталды. Екеуі “Колумбайнды” бір мезгілде қайталауды жоспарлаған.
  • 2008 жылдың 23 қыркүйегінде Финляндияның Каухайоки қаласында 22 жастағы студент Матти Юхани Саари өзі оқитын Кәсіби-техникалық училищеге подвал арқылы “Вальтер Р22” тапаншасы мен Молотов коктейлін алып кіріп, емтиханға кетіп бара жатқан топқа оқ жаудырды. 8 группаласы мен оқытушысын өлтіргеннен кейін досына хабарласып, қош айтысады да, өзін басынан атады. Полиция Сааридің мектепте көпшілік жек көрген оқушы болғанын және “бүкіл адамзатты жек көремін” дегенді жиі айтқанын анықтады.
  • 2009 жылдың 11 наурызында Германияның Винненден қаласында 17 жастағы Тим Кречмер Альбертвиль-Реальшуле училищесіне келіп, өзімен кездесуден бас тартқан группалас құрбысын және тағы 9 адамды атып тастады, кейін бір жүргізушіні кепілдікке алып, көрші Вендлинген қаласына барып, тағы алты адамды өлтірді. 11 адам жарақат алды, полицияға тұтылатынын білген кезде Кречмер өзін мерт қылды.
  • 2012 жылдың 14 желтоқсанында Американың Коннектикут штатында 20 жастағы Питер Адам Лэнза әуелі анасын өлтіріп, кейін жергілікті мектептегі 20 бала мен 6 ересек адамды және өзін атып тастады.
  • 2014 жылдың 3 ақпанында Мәскеудегі №263 мектептің 10-сынып оқушысы Сергей Гордеев мұғалімін атып тастап, 21 сыныптасын кепілдікке алды. Винтовкамен және карабинмен қаруланған ол полицияға да оқ атты. Бір полицей қаза тапты. Баланың әкесі оны құқық қорғау органдарына берілуге көндірді. Бұл Ресей мектептерінде оқушы ұйымдастырған тұңғыш қанды оқиға саналады. Гордеевтің психикалық ауытқуы бар екені және мектептердегі атыс туралы фильмдермен әуестенетіні анықталды.
  • 2016 жылдың 22 қаңтарында Канаданың Ла-Лош елді мекенінде 17 жастағы жасөспірім (аты-жөні әлі күнге дейін жария етілмей отыр) әуелі екі бауырын өлтіріп, кейін жергілікті мектепке оқ жаудырды. Оқиғадан екі мұғалім қаза тауып, 7 оқушы жарақат алды.
  • 2017 жылдың 16 наурызында Францияның Грас қаласында 17 жастағы оқушы лицейінің директоры мен курстастарына оқ атты. Адамдар атыстан аман қалды. Тергеушілер лаңкестің комплексі көп жасөспірім екенін, оны сыныптастарының жиі мұқататынын анықтады.
  • 2017 жылдың 5 қыркүйегінде Мәскеу облысындағы № 1 Ивантеевка орта мектебінде 15 жастағы лаңкес қолға түсті. Мектептің оқушысы Михаил Пивнев әуелі сыныпта пиротехника атқан, кейін мұғалімінің басынан қанжармен ұрып, пневматикалық қарумен атады. Оқушылар қорыққанынан екінші қабаттан секіріп кетеді. Полиция Пивневті суицид жасап үлгертпей ұстап алды. Ауыр соққыға қарамастан мұғалім аман қалды. Өзін әлеуметтік желіде Клиболд атайтын Пивневтің әлеуметтік желідегі жазбаларынан “Колумбайн” сөзі табылды.
  • 2018 жылдың 15 қаңтарында Пермьдегі орта мектептердің бірінде екі жасөспірім 4-сыныптың сабағына кіріп келіп, оқушылар мен мұғалімге пышақ салды. 15 адам зардап шекті. Ұсталғандардың “ВКонтакте” желісінде “Колумбайн” трагедиясымен әуестенгені белгілі болды.
  • Пермьдегі оқиғадан төрт күн өткенде Улан-Удэдегі № 5 мектепте 9-сынып оқушылары 7-сынып оқушылары мен олардың мұғаліміне балтамен шабуыл жасады. Лаңкес жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан “Колумбайн” туралы мәлімет табылды.
  • 2018 жылдың 18 сәуірінде Стерлитамактағы № 1 түзету мектебінде 17 жастағы Артем Тагиров екі сыныптасы мен мұғаліміне пышақ салды. Содан кейін кабинетке өрт қойып, өзін-өзі өлтірмек болды, бірақ бұған полицейлер мүмкіндік бермеді. Артем өзін сыныптастары үнемі қорлайтынын, содан кейін өш алу үшін нацизм мен фашизм идеялары және “Колумбайн” қылмыскерлері туралы оқығанын айтты.
  • 2018 жылдың 17 қазаны. Керчь политехникалық колледжіндегі трагедия.