Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Президентіне көңіл айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті ел халқының және жеке өзінің атынан Мысыр астанасы Каирде болған лаңкестік әрекеттердің салдарынан қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Мысырмен бірлесіп, елдеріміздің бейбіт өмірін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заман қауіп-қатерлеріне қарсы күресте ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын екенін атап өтемін, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, 5 тамызда Каирде ірі жол-көлік оқиғасы болып, соңы жарылысқа ұласты. Соңғы мәлімет бойынша 17 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алды. Полицияның мәліметінше, Мысыр астанасының орталығында бір автокөлік қатты жылдамдықпен келіп, екінші бір көлікке соқтыққан. Сол кезде жойқын жарылыс болды. Тұтанған өрт оқиға орнынан ондаған метр жердегі Қатерлі ісік ұлттық институтының ғимаратын шарпыды. Мысыр полициясы оқиғаға кездейсоқ апат деп қарамай отыр. Соңғы мәлімет бойынша жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөлікті террористер тобы мүшелері жүргізуі мүмкін.