Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте қысқа мерзімде Арыстың 90%-і, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілгені айтылды. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, сонша отбасы жөнделген үйлерге кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өтті. Көшелер реконструкцияланып, 62 әлеуметтік нысан: ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арысты қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты. Бір ай ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты, — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы бұл жұмысқа қатысқандардың бәріне алғыс білдірді. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге қаланың барлық коммерциялық нысанын қалпына келтіру жұмысын аяқтауы керек.
Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақты басқа аймаққа түгел шығарып, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауға тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет басшысы Арыс 1 тамызға дейін түгел қалпына келтірілуге тиіс екенін мәлімдеген еді.
2019 жылдың 24 маусымында Арыста жарылыс болды. Оқиға салдарынан әуелі үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. 2 тамыз күні жарылыс салдарынан зардап шеккендердің бірі — 8 жастағы бала қайтыс болды, сөйтіп Арыс құрбандарының қатары 4 адамға жетті. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталды. 5 шілде күні Арыстағы әскери арсеналға іргелес аумақта тағы да оқ-дәрі жарылып, салдарынан өрт шықты. Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы төтенше оқиғаға байланысты қатаң сөгіс жариялап, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке кінәлі тұлғалардың бәрін жауапқа тартуды тапсырды.