Арыс оқиғасы: Президент кінәлілердің бәрін жазалауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғизат Нұрдәулетов Мемлекет басшысына Бас прокуратураның құқық қорғау органдарының қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған үйлестіру функциясын күшейту және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау шаралары туралы есеп берді.

Президент Бас прокурорға Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етуді және кінәлі тұлғалардың бәрін жауапқа тартуды тапсырды, — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бас прокуратура күш-жігерді азаматтардың құқығын қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күреске жұмылдыруы қажет.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы төтенше оқиғаға байланысты қатаң сөгіс жариялаған еді. Арыстағы жарылыс 24 маусым күні болды. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталды. 5 шілде күні Арыстағы әскери арсеналға іргелес аумақта тағы да оқ-дәрі жарылып, салдарынан өрт шықты.