Арыстағы жарылысқа себеп болуы мүмкін жайттар анықталды

Оқ-дәрі қоймаларындағы заңсыздықтардың дер кезінде жойылған-жойылмағаны және жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі тексеріледі.

Арыс жарылыс
Арыстағы жарылыс, 24 маусым. Фото ашық дереккөзден

Арыстағы оқ-дәрі қоймасында жарылысқа байланысты оқиға орны тексеріліп, келтірілген залал анықталып жатыр.

Тергеудің бастапқы сатысында негізгі назар болған жағдайдың мән-жайын анықтауға, соның ішінде адамдардың қаза табуына аударылды, – деді ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Оның айтуынша, қазіргі кезде 100-ден астам адамнан жауап алынған.

Қазіргі уақытта болжамды нұсқалар бар, олардың арасында өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқалары қаралып жатыр, – деді Еркін Қожа-Ахмет.

Сонымен бірге оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың ұтымдылығы мен жарылғыш заттардың дұрыс жиналуы тексеріліп, қоймаларда анықталған заңсыздықтардың уақтылы жойылған-жойылмағаны, жойылмаған жағдайда кейбір әскери қызметшілердің әрекетсіздігі мәселесі қаралатынын айтты.

Тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Саралау, болжамды нұсқалар түпкілікті емес және олар егжей-тегжейлі қаралатынын атап өтемін. Тергеп-тексерудің барысы Бас прокурордың бақылауында,- деді Бас әскери прокурорының аға көмекшісі.

Еске салайық, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймаларда бірнеше жарылыс болған еді. Үш адам қаза тапты, оның екеуі – әскери қызметші. Жарылыс кезінде адамдар, әсіресе, балалар зардап шекті. Екі бала Нұр-Сұлтандағы ауруханада емделіп жатыр. Олардың бірі есін жиды, екіншісінің жағдайы ауыр.