Бұл салаға келу үшін әуелі техникаға әуестігің болуы керек. Өз басым жалпы білім беретін орта мектепте оқып жүргенде компьютер ойындарына қызықтым. Кейін ата-анам мені О.Жәутіков атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатына оқуға берді. Осы мектептің арқасында мен ІТ саласына кәсіби түрде ден қойдым. ІТ маманы болу үшін математика, информатика мен физиканы оқу қажет. Соның ішінде математикаға ерекше көңіл аудару керек. Себебі компьютердің әр программасы математикадағы есептермен жасалады. Жобалар информатикада үйренген программалау тілі бойынша құрастырылады. Сондықтан есеп шығаруға ден қою керек. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгерген жөн. Өйткені программалаудың барлық амалы ағылшын тілінде.
ІТ — болашақтың мамандығы. Кез келген компанияға ақпарат технологиялары маманы қажет. Мен Американың Ipsy компаниясының программа жасау бойынша интерн маман болып жұмыс істедім. Әр компанияда жұмыс істеу үшін тәжірибеден өту қажет.
ІТ саласында қыздар аз болады. Себебі бізде әлі де «программист тек ерлер болуы қажет» деген түсінік қалыптасқан. Қыздардың да ІТ саласында еңбек етуге толық құқығы бар. Өйткені ол ұлдың не қыздың жұмысы деп бөлінбейді. Сондықтан программалау тіліне қызығып жүрген қыздар ешқашан арманынан бас тартпауы керек. Болашақта программист қыздар мен жігіттердің үлесі тең болады деген үміттемін.
Болашақта ақпарат технологиялары маманы болу үшін бала дарынды балаларға арналған мектепте оқығаны жөн. Өйткені мектепте болашақ мамандығыңызға сай терең кәсіби білім алмасаңыз, көп мүмкіндіктен қағыласыз. Мектепті бітірер жылы шетелдегі жоғары оқу орындарына сұраныс хат жіберген жөн. Егер олар қабылдамаса, елімізде ІТ саласы бойынша маман даярлайтын Назарбаев Университеті, «КИМЭП университеті», Сулейман Демирел университеті мен Халықаралық ІТ университеті бар. Содан соң әртүрлі байқауға қатысқан дұрыс. Мен nFactorial байқауында жеңімпаз болып, Назарбаев Университетінің грантын жеңіп алдым. Байқауда жеңіске жетпесеңіз де, өзіңізге тәжірибе жинап, орта қалыптастырасыз. Ақпарат технологиялары саласы бойынша жасайтын жобаңыздың әлеуметтік маңызы, яғни адамдарға пайдасы болуы қажет. Ондай жобаның, бір жағынан, халыққа көмегі болады, екінші жағынан, жұмсалған инвестицияны ақтайды.