Сулейман Демирел университетіне жаңа ректор тағайындалды

Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев — Қазақстан бойынша Гарвард университетінің Т.Х.Чан атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде қоғамдық денсаулық сақтау докторы дәрежесін қорғаған жалғыз адам.

Қуаныш Ерғалиев — «Болашақ» стипендиясының иегері. Ол 2006 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдап, 2009 жылы АҚШ-тағы Тулейн университетінде қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды. Harvard Chan Qualitative Research Methods студенттер клубының тең құрылтайшысы және қазіргі президенті әрі Бостондағы қазақ диаспорасының мәдени ортасын қалыптастыруға және біріктіруге бағытталған «Мирас» қазақ мәдени орталығының тең құрылтайшысы әрі қазіргі президенті. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірнеше ғылыми еңбектің авторы.

Қуаныш Ерғалиев еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде және Назарбаев Университетінде басшылық қызмет атқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Сулейман Демирел университетінде Қанат Қожахметов ректор болды. Сулейман Демирел университеті — 1996 жылдың 17 желтоқсанында ашылған жекеменшік жоғары оқу орны. Мұнда 4 факультет бар:

  • Құқық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті;
  • Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар факультеті;
  • Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультеті;
  • СДУ бизнес мектебі.