«Қазақстан темір жолы» алыпсатарларды қатаң жазалауды ұсынды

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағанбетов пойыз билеттерін алып сататындар үшін жазаны қатайтуды ұсынды.

Біз алыпсатарлармен мен оларға жағдай жасайтындар жекеменшік агенттіктер деп ойлаймыз. Бізде теміржол билетін сататын 244 касса бар, тағы 500-ден астам касса — жекеменшік агенттік. Сондықтан «теміржол кассалары билеттерді алып сатады» дегенді естігенде көп кассаның біздікі емес екенін ескеру керек. Алыпсатарлар үшін жазаны қатайту қажет, себебі біз оларды басқаша амалмен тоқтата алмаймыз, — деді Қанат Әлмағанбетов.

«Қазақстан темір жолы» басшысының бірінші орынбасары компания 2019 жылдың 1 шілдесінде пойыз билетін онлайн сатудың жаңа жүйесіне көшкенін еске салды.

Біз ескі «Экспресс» автоматтандырылған басқару жүйесі кезінде болған олқылықтардан әлі де арыла алмай отырмыз. Жаңа «Мобиус» жүйесі аясында билеттерді заңсыз сатып алушыларды бұғаттау мүмкіндігі пайда болды. Бұрын алыпсатарлар жолаушы көп жүруі мүмкін бағыттар бойынша билеттерді 45 күндей бұрын алып қоятын. «Мобиус» жүйесі бұлай жаппай жылдам сатып алуға мүмкіндік бермейді, — деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Бірақ Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламановтың айтуынша, алыпсатарлар пойыз билетін сатудың жаңа жүйесін алдаудың да амалын тапқан. Қазір мұндай фактілер тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеті тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма берген еді.

ДереккөзZakon.kz