Пойыз билетін онлайн сату жүйесі қалай өзгерді?

«Қазақстан темір жолы» АҚ еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2019 жылдың шілдесінен бастап электрон билет сатудың жетілдірілген жүйесіне көшті. Автоматтандырылған жүйе адам факторын жою мақсатында айтарлықтай өзгерді.

Теміржол билеттері саудасына бос орындарды күтудің бірыңғай парағы енгізілді. Ол билет сату ісіне адам ықпалының араласуына жол бермейді. Енді алыпсатарлар мен алаяқтар билеттерді жаппай сатып ала алмайды.

Дегенмен жолаушылар ағыны артатын маусымдарда теміржол билеті бәрібір тапшы болып жатады. Сол себепті «Қазақстан темір жолы» осы жылдың соңында 60-тан астам жаңа вагон сатып алғалы отыр. Алдағы 10 жылда жолаушылар тасымалы үшін барлығы 1200 жаңа вагон алынады.

Бүгінде Қазақстанда теміржол билеттері «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорнының 233 кассасы мен 4500 жеке касса арқылы сатылады. Сонымен бірге клиенттерге 4 мыңнан астам терминал қызмет көрсетеді.

Бұған қоса, теміржол билетін 10 интернет-ресурс арқылы да сатып алуға болады, оның екеуі — ресми сайт: Еpay.railways.kz және Bilet.railways.kz.

Ranking.kz агенттігі мамандарының мәліметінше, 2019 жылдың бірінші жартысында теміржол билеттері 2018 жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 5,7% қымбаттаған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол көлігі 10,5 миллион жолаушыны тасымалдаған. Бұл былтырғы бірінші жартыжылдыққа қарағанда 3,3% аз. 2018 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында теміржол жолаушылары тасымалы бір жылда 3,7% артқан еді.

Биылғы қаңтар-маусым аралығында теміржолдағы жүк тасымалы 0,2% артты (191,6 миллион тоннадан 192,1 миллион тоннаға дейін). Жүк айналымы да 0,2% өсті. 2018 жылдың бірінші жартысында жүк пен қол жүгін тасымалдау көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 8,8% артқан еді.

Айта кетейік, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма берді.

Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.