Қазақстан азаматтарына зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға, емделуге немесе басқа мақсаттарға пайдалану бұрынғыдан да қиындай түседі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған жаңа жеткілікті шектерін жариялады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс көптеген азаматқа әсер етеді.
Жеткілікті шек – зейнетақы шотында міндетті түрде қалуға тиіс ең төменгі сома. Егер жинақ көлемі осы көрсеткіштен төмен болса, азамат артық қаражатты пайдалана алмайды.
Жаңа талаптар бойынша, 20 жастағы Қазақстан азаматтарының шотында кемінде 6,67 миллион теңге болуы қажет. 30 жастағы азамат үшін бұл көрсеткіш – 9,75 миллион теңге, ал 40 жастағылар үшін – 13,37 миллион теңге, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл 2026 жылдағы жеткілікті шектің екінші рет көтерілуі. Қаңтар айында көрсеткіштер 10 пайызға индекстелген болатын. Алайда арада бірнеше ай өткен соң билік есептеу әдістемесін қайта қарап, шектерді тағы ұлғайтты.
Енді жеткіліктілік шегін анықтау кезінде азаматтың жасы, зейнетке шығуына дейінгі мерзімі, өмір сүру ұзақтығы, болашақ зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысы ескеріледі. Яғни мемлекет әр адамның қартайған шағында қанша қаражат қажет болатынын алдын ала есептеуге тырысады.
Үкіметтің мәліметінше, кейінгі бес жылда Қазақстан азаматтарының зейнетақы қорынан шамамен 5 триллион теңге шешіп алған. Оның басым бөлігі жастардың үлесіне тиесілі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай үрдіс болашақ зейнетақы көлеміне кері әсер етуі мүмкін деп есептейді. Сондықтан билік азаматтардың жинағын сақтап қалу үшін жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгертуді жөн көрген.
Министр Аскарбек Ертаевтың айтуынша, кейбір азаматтардың жинағы жеткіліксіз болғандықтан, болашақта олар тек ең төменгі базалық зейнетақымен өмір сүруге мәжбүр болуы мүмкін.
Сонымен қатар зейнетақы жинағын пайдалануға болатын бағыттар да қысқарып келеді. Бұған дейін стоматологиялық қызметтерге қатысты шектеулер енгізілсе, енді офтальмологиялық емге де зейнетақы қаражатын жұмсауға тыйым салынды.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар әсіресе жастарға ауыр тиеді. Өйткені баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда шектеулі болады.
| Жасу | Жеткілікті жинақ шегі | Жасы | Жеткілікті жинақ шегі |
|---|---|---|---|
| 20 | 6 670 000 | 42 | 14 160 000 |
| 21 | 6 960 000 | 43 | 14 560 000 |
| 22 | 7 250 000 | 44 | 14 980 000 |
| 23 | 7 540 000 | 45 | 15 400 000 |
| 24 | 7 840 000 | 46 | 15 820 000 |
| 25 | 8 150 000 | 47 | 16 250 000 |
| 26 | 8 460 000 | 48 | 16 690 000 |
| 27 | 8 770 000 | 49 | 17 140 000 |
| 28 | 9 090 000 | 50 | 17 590 000 |
| 29 | 9 420 000 | 51 | 18 050 000 |
| 30 | 9 750 000 | 52 | 18 510 000 |
| 31 | 10 090 000 | 53 | 18 980 000 |
| 32 | 10 430 000 | 54 | 19 460 000 |
| 33 | 10 780 000 | 55 | 19 950 000 |
| 34 | 11 130 000 | 56 | 20 450 000 |
| 35 | 11 490 000 | 57 | 20 950 000 |
| 36 | 11 850 000 | 58 | 21 460 000 |
| 37 | 12 220 000 | 59 | 21 970 000 |
| 38 | 12 600 000 | 60 | 22 500 000 |
| 39 | 12 980 000 | 61 | 23 030 000 |
| 40 | 13 370 000 | 62 | 23 570 000 |
| 41 | 13 760 000 | — | — |
Еске салайық, Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, қайта бастау және тоқтату қағидаларына өзгерістер енгізген болатын.
