Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кәсіподақ қайраткері» медалімен марапатталды. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы орталық комитетінің президиумы жоғары марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіподақтар тарихындағы айрықша ролін ескере отырып бекітті.
«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі кәсіподақ қозғалысының дамуына, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға және сақтауға, мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін және кәсіби мереке — Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Кәсіподақ қайраткері» №001 медалімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты марапаттау туралы шешім қабылдады, — деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел тәуелсіздік алған уақыттан бастап кәсіподақтардың қызметіне қамқорлық танытып келеді. Ішкі аппарат мәселелері бойынша тапсырмаларды кәсіподақ арқылы жүзеге асыруды ұсынып отырды, осылайша қоғамдық ұйымның беделін арттырды.
1980 жылдардың аяғында қайта құру кезеңінде мемлекеттік органдар мен мекемелерді, әскер мен құқық қорғау органдарын саясатсыздандыру мен партиясыздандыру үрдісі, ал кәсіподақтарда ыдырау және әлсіреу кезеңі басталды. Еліміз егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізген 90-жылдардың басында жаңа Президент аппаратында Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Бұл барлық орталық мемлекеттік органда партиялық және кәсіподақ комитеттері тарқаған уақытта болды, — дейді федерация өкілдері.
Кәсіподақ марапаты Тұңғыш Президент — Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековке тапсырылды.