Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақ қызметінің беделін жоғары бағалады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезіне қатысушыларға құттықтау лебізін жолдады.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамындағы кәсіподақ қозғалысының үлкен беделін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық кәсіподақ ұйымдары еңбеккерлер құқықтарын табысты қорғап, еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті жақсартып келеді.

Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы — 2 миллиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Жұмыс істеп жатқан 18 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек жанжалдарын шешуге, еңбекшілердің құқықтарын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр. Үшжақты әлеуметтік әріптестік моделі де өзінің тиімділігін дәлелдеді, оның аясында жұмыс орындарын сақтау жөніндегі 115 мыңнан астам меморандумға қол қойылған. Кәсіподақтардың қатысуымен Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясы ратификацияланды. Бұл шаралардың бәрі еңбекшілердің жұмыс жағдайын жақсартып, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Кәсіподақтар федерациясы өзіне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілік ала отырып, жұмыс берушілермен бірге қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуға тиіс, — делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінде.

Кәсіподақтар 2,8 миллион қазақстандықтың жұмыс орнын сақтап қалуға ықпал еткен. Сонымен бірге съезд қатысушылары алдында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов сөз сөйледі. Жалпы ҚР Кәсіподақтар федерациясы съезінің жұмысына Қазақстанның барлық өңіріндегі салалық кәсіподақ ұйымдары атынан 200-ден астам делегат қатысып жатыр.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясы 21 салалық кәсіподақтан және 17 аумақтық бірлестіктен тұрады.

ДереккөзInform.kz