Басты бетЭкономикаНұр-Сұлтандағы LRT...

Нұр-Сұлтандағы LRT шығыны 1,2 миллиард долларға қысқарды

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы жалғасады, бірақ жобаға бөлінетін қаржы 1,2 миллиард долларға қысқарды. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, LRT — қажет жоба, ол астананың қоғамдық көлігін дамытуға септігін тигізеді.

Жоба түгел қайта қаралды, оңтайландыру жұмысы жүргізілді. Сол жұмыстың қорытындысы бойынша, әкімдіктің мәліметінше, жоба құны 1,2 миллиард долларға үнемделді. Бірнеше шараның қорытындысы бойынша «Астана Банкіне» аударылған 258 миллион доллар көлеміндегі қаражат әкімдікке жобаны одан әрі дамыту үшін қайтарылады, — деді Асқар Мамин.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жеңілрельсті көлік жобасы бойынша қандай шаралар қолға алынғанын айтты.

Қытай тарапынан келісімшарт құнына салық енгізу жөнінде келіссөз жүргізілді. Бұл шара жоба шығынын 200 миллион доллар көлемінде азайтуға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағынын ескере отырып, жылжымалы құрам бөліктерін 19-дан 12-ге қысқарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл шамамен 40 миллиард долларды үнемдеуге мүмкіндік береді. Аялдама бекеттерін жетеуге қысқарту мәселесін де қарастырдық. 18 болған еді, қазір 11 деп қарастырып отырмыз. Жаяуларға арналған жерүсті және жерасты өткелдері де оңтайландырылады, бұл 110 миллион доллардан астам қаржыны үнемдейді. Жоба шығындарды 350 миллион долларға оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, Хитроу, Лондон, Шереметьево әуежайларының тәжірибесі негізінде «Әбу-Даби Плаза» ғимаратында жолаушыларды әуе рейстеріне тіркеу жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, кейін бұл аэробекет қағидасы бойынша әуежай терминалына көшіріледі.

Дубайда 1 шақырымның құны — 120 миллион доллар, Сеулде 110 миллион доллар, Нұр-Сұлтанда 1 шақырым — 68 миллион доллар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджет қаражаты бастапқы шығынынан 1,2 миллиард долларға үнемделіп отыр. Қарызды өтеуге қызмет ету бойынша 800 миллион доллардан астам қаржы және құрылыс-жөндеу жұмысы үшін 350 миллион доллар үнемделді, — деді Алтай Көлгінов.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасын сынға алып, депутаттар мен бақылаушы органдарды жауапқа тартуды ұсынған еді.

LRT жобасы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталып, 2020 жылдың жазында іске қосылуы керек еді. Құрылыстың бастапқы құны 1 миллиард 887 миллион доллар деп бағаланды. Көлік жолының ұзындығы 22,4 шақырым деп есептелді.

ДереккөзZakon.kz