Басты бетЖаңалықтарАсқар Мамин:...

Асқар Мамин: Нұр-Сұлтан барлық өңірге үлгі болуы керек

Премьер-министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтанды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді.

Елбасының тапсырмасы бойынша астананы дамытудың өзекті мәселелерін шешу, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Нұр-Сұлтанды дамытудың бесжылдық кешенді жоспары дайындалып, бекітілді, — деді Асқар Мамин.

Мемлекеттік комиссия отырысы барысында қаланың жиынтық құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, газбен жабдықтау, қала маңын дамыту және үлестік құрылыс мәселелері талқыланды.

Кешенді жоспарды іске асыру және Нұр-Сұлтанды дамытудың өзекті мәселелері туралы қала әкімі Алтай Көлгінов баяндады. Бейінді бағыттар бойынша Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.

Астанада тұрғын үйге сұраныс жоғары кезде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендемеуі тиіс, — деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, 6 айдың қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны 20% төмендеген. Жалпы, жарты жылдың қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштер — негізгі капитал инвестициясы 20%, тұрғын үйді пайдалануға беру 33% төмендеді.

Үкімет астананы кешенді дамытуды іске асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Нұр-Сұлтан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу жөнінен барлық өңірге үлгі болуға тиіс, — деді Асқар Мамин.

Нұр-Сұлтан әкімдігі биыл 9 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр, соның ішінде әлеуметтік, мәдени маңыздағы нысандар, газдандыру нысандары мен инженерия желілерін салу бар.

Нұр-Сұлтан төңірегіндегі мәселелерді шешуге үшжылдық кезеңге 22,5 миллиард теңге қарастырылған, осы қаражатты қала төңірегінде өмір сүретін азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға жұмсау қажет, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы қала әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы іске асыруды, астана төңірегінде нысан салудың жоба-смета құжаттамасын әзірлеу бойынша қажет шараларды қабылдау, үлестік құрылыстағы проблемалық нысандардың құрылысын жедел аяқтауды тапсырды.

Премьер-министр Нұр-Сұлтан әкімдігінің негізгі жұмысы газбен жабдықтау, көшені жарықтандыру, нөсер канализациясы мен әлеуметтік нысандарды салу, абаттандыру, көлік желілерін дамыту мәселелерін жедел шешу екенін айтты.