«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» бизнес жобасының негізінде осындай оқу бағдарламасын қолға алып отыр. Басты мақсат — кәсіппен айналысып, табысты болуды қалайтын жастарды қолдап, оларға мүмкіндік беру. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жұмыссыз адам қатыса алады. Өтініш берген жастар арнайы тестіден өтсе ғана, 15 күн кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Тренингіге қатысушыларға стипендия да тағайындалған — 19 273 теңге. «Жас кәсіпкер» жобасына үш жылға дейін бизнеспен айналысқан адам да қатыса алады. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр.

«Жас кәсіпкер» жобасының алғашқы легін бастап отырмыз. Бүгін үміткерлер тест тапсырды. Тестіде ситуациялық сұрақ көп, яғни әр үміткердің кәсіп бастауға психологиялық дайындығын тексереміз. «Тәуекелге бара алады» деген үміткерлерді кәсіппен айналысудың қыр-сырымен 15 күн бойы таныстырамыз. Осы уақытқа дейін 1200 адам өтініш берген. Жылдың соңына дейін 9600 адамды оқыту жоспарда бар, — дейді Бостандық ауданы бойынша бизнес тренер Дамир Кутумов.

Қатысушылар бизнесті қалай, неден бастау керек екенін, қай мемлекеттік органға қандай проблемамен бару керек екенін біліп шығады. Үміткерлер бизнес жоспарын құрып, кейін жеке кәсібін ашады. Оларға тәжірибелі кәсіпкерлер жетекшілік етеді. Бизнес жоспары сәтті шыққан үміткерлердің 505 000 теңге қайтарымсыз несие ұтып алуына мүмкіндігі бар. Ол үшін 200 АЕК көлемінде 10 мың грант бөлінген. Сонымен қатар 6% жеңілдікпен 6,5 жылға 8000 АЕК көлемінде несие беріледі.

Алматы бойынша 32 жерде курс өтеді. Оқудың екінші легі тамыз айында басталады. Осы жолы тіркеліп үлгермегендер қазір тіркеліп, жобаға қатысуына болады, — дейді Дамир Кутумов.

Кәсіпкерлік курсын оқыған адамға берілетін екі сертификат бар. Біріншісі оқығаны үшін берілсе, екіншісі курсты аяқтап, бизнес жоспарын қорғағанға беріледі.

«Жас кәсіпкер» жобасы — кәсіппен айналысқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Ең біріншіден, олар білім алады. Мысалы, мекемеге барып кәсіпкерлерге міндеттелген салық туралы ешкім сұрай бермейді. Осы сияқты қарапайым жағдайларды курс барысында біледі, үйренеді. Тіпті, болашақта ешқандай бизнес ашпаса да, білімі өзінде қалады. Оқиды әрі ол үшін стипендия алады. Өз бизнес жоспарын құрастырып, грант ұтып алуына мүмкіндігі бар, — дейді Дамир Кутумов.

Жоба Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте жүзеге асып жатыр. Ұйымдастырушылар кәсіпке жастардың ғана емес, 30 жасқа толғандардың да араласқанын қалайды. Жоба күзде «Бастау» бизнес жобасымен жалғасады. Оған кәмелетке толған барлық адам қатыса алады.

Жобаға қатысу үшін «Атамекен» ұлттық палатасының жергілікті филиалына, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарына және әкімдікке баруға болады. Өзіңізбен жеке куәлігіңіздің көшірмесі мен мекенжай анықтамасын алып барыңыз. Толық ақпаратты Аtameken.kz сайтынан біле аласыз.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Serj Marco

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!