«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басымдық берілген бағыттары қазіргі заманғы телекоммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуды көздейді.
2019 жылдың маусымының соңында Қазақстанда ұялы байланыс абоненттерінің саны 25,7 миллион болды. Бұл былтырғы маусым айының соңындағы мәліметпен салыстырғанда 4,4% аз, былтыр 26,9 миллион абонент болған.
Еnergyprom.kz талдаушыларының мәліметінше, дегенмен 2019 жылдың мамырына қарағанда маусымда абоненттер саны 0,9% көбейген. Абоненттер саны 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта азайған.
Интернетке қосылған ұялы байланыс абоненттерінің саны айтарлықтай өсіп келеді: бір жылда 14,6 миллион абонент көрсеткіштің 6,3% артқанын көрсетіп отыр және бұл барлық абонент санының 56,9%-і. 2018 жылдың маусымының соңында интернетті пайдаланатын ұялы байланыс абоненттерінің саны 13,8 миллион болған еді, ол кезде көрсеткіш 12,1% артты және барлық абоненттің 51,2%-і болды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 4 ұялы байланыс операторы қызмет етіп жатыр. Олардың қызметіне бағытталатын инвестиция көлемі екінші жыл қатарынан артып отыр. 2019 жылдың бірінші жартысында байланыс пен телекоммуникацияға бөлінген инвестиция 31,1 миллиард теңге болды, қаражат көлемі бір жылда 3,1% артқан. 2018 жылдың бірінші жартысында байланыс сферасына 30,2 миллиард теңге инвестиция аударылған, көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,2% көп болды.
Телекоммуникация саласына аударылатын инвестицияның негізгі көзі — бизнестің өз қаражаты: 29,9 миллиард теңге, бұл — жалпы инвестиция көлемінің 96,1%-і. Дегенмен саладағы бюджет қаражатының үлесі бір жылда 3 есе артқан — 319 миллион теңгеден 941 миллион теңгеге дейін. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты — 751 миллион теңге, республика бюджетінің қаржысы — 189,9 миллион теңге. Банктер берген қарыз ақша — 221 миллион теңге, кредит — 52,9 миллион теңге.
Осы жылдың маусымында жаңа цифрлық мобайл оператор — izi іске қосылды. Ол Beeline брендінің иесіне тиесілі. izi барлық сервисті онлайн іске асырады. Мобайл қосымша қызмет көрсету кеңселерін алмастырса, call-орталық орнына қолдау чаты жұмыс істейді. Бұл — әзірше пилот жоба, бета-тестілеу кезеңінде тұр. Дегенмен негізгі қызмет түрлерін клиенттердің 99%-і пайдаланып отыр. іzi абоненттерінің нөмірі +7 706 сандарынан басталады.
Айта кету керек, көрші Ресейдің ұялы байланыс нарығында виртуал операторлар жақсы дами бастады.