Телефоны тіркелмеген абоненттер бірнеше айдан соң ұялы байланыссыз қалады

ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды IMEI-код+SIM-карта+ЖСН схемасы бойынша міндетті тіркеу ережесі күшіне енетінін еске салды.

Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Бұл орайда азаматтарға өз құрылғыларын осы жылдың соңына дейін тіркеу қажет. Ұялы байланыс операторларының филиалдарында үлкен дүрлігуге жол бермеу үшін тіркеу рәсіміне осы бастан кірісуге кеңес береміз, — деп хабарлады Алмас Садубаев.

Оның айтуынша, тіркеу ұялы телефон ұрланған немесе жоғалған жағдайда аса маңызды.

Егер тіркеуден кейін адамның телефоны ұрланса, базадан оны кімнің қолды қылғанын білуге болады. IMEI-код базасында телефон ұрланған құрылғы ретінде көрініп тұрса,  байланыс операторлары байланысты бұғаттай алады, — дейді ресми өкіл.

Еске сала кетейік, ұялы байланыс құрылғыларын міндетті тіркеу ережесі ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен 2018 жылдың мамыр айында бекітілді.

ДереккөзZakon.kz