Басты бетҚоғамАқмола облысында...

Ақмола облысында браконьерлер қолынан бір инспектор қаза тапты

Ақмола облысында браконьерлер шабуыл жасаған екі инспектордың біреуі ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Державинск орталық аудандық ауруханасына жеткізу кезінде «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК инспекторы оқ жарақаты салдарынан қайтыс болды. Қазіргі уақытта екінші инспекторға операция жасалып жатыр, — деп хабарлады Сәкен Ділдахмет.

Бұған дейін ол әлеуметтік желіде оқиғаның қалай болғанын хабарлаған еді. 2019 жылдың 23 шілдесінде 11.00-де Ақмола тірек пунктінің «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Жарқайың ауданы аумағында киік атылғанын анықтайды. Инспекторлар соңына түскен кезде «Нива» автокөлігін мінген браконьерлер оқ атқан. Инспекторлардың бірі ауыр жараланды. Оларға көмекке санавиация шақыртылған. Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді ұстау жоспарын жариялады.

Қайтыс болған инспектор 1976 жылы туған. Оның кеуде тұсына оқ тиген. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, зардап шеккен адам дәрігерлер келгенше қайтыс болған.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, марқұмның артында 4 баласы қалды. Ол отбасымен Қарағанды облысында тұрған. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қаза болған инспектордың отбасына көңіл айтты.

Бүгін браконьерлерді ұстау кезінде «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазинов қаза тауып, Самат Оспанов ауруханаға түсті. Қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын. Олардың отбасына барлық қажет көмек көрсетіледі, — деп жазды Мағзұм Мырзағалиев Twitter-де.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтып, кінәлілердің жазаланатынын айтты.

Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтің жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, сотқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қаныш Нұртазинов марапатталады. Қорықшы Самат Оспановтың сауығып кетуін тілеймін, — деп жазды Президент Twitter-де.

Осыған ұқсас жағдай 2019 жылдың қаңтарында болған еді. Қарағанды облысы аумағында «Охотзоопром» инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа браконьерлер шабуыл жасады. Ерлан Нұрғалиев ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Қаскөйлер оны пышақтап, басына зақым келтірген, жағын сындырған. Әріптестері Ерлан Нұрғалиевтің қызметіне адал, табиғатқа жанашыр, принципшіл адам болғанын айтты. Ол алты жыл бойы Нұра ауданының сирек кездесетін жануарларын жанын сала қорғаған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Нұрғалиев пен оның шабуылдан аман қалған әріптесі Петр Ницыкты ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады.