Нұржан Мұхамеджанова «Алматы» телеарнасының басшысы болып тағайындалды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 22 шілдеде телеарна ұжымы жаңа басшымен танысты.
«Алматы» телеарнасының директорлар кеңесінің шешімімен «Қазақ радиолары» ЖШС бұрынғы бас директоры Нұржан Мұхамеджанова «Алматы» телеарнасының бас директоры қызметіне тағайындалды, — делінген хабарламада.
Нұржан Мұхамеджанова еңбек жолын «Қазақ радиосында» балалар мен жастарға арналған бағдарламалар редакторы қызметінен бастаған. 1991 жылы «Қазақ радиосының» «Шалқар» ақпарат-сараптама бағдарламалар редакциясының бас редакторы болып тағайындалды.
1992-1994 жылдары «Қазақ радиосының» саяси сарапшысы және бас директордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1995-1997 жылдары ҚР Президентінің баспасөз қызметінде енбек етті. 1997-2006 жылдары Қазақстандағы Internews Network халықаралық ұйымы өкілдігі директорының орынбасары, атқарушы директоры болды.
2006-2011 жылдары «31-арна» телекомпаниясына жетекшілік етті. 2011 жылдың шілде айынан бастап 2016 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2016 жылдан бүгінге дейін «31-арнаның» бас продюсері, «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамындағы «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.