Ләззат Танысбай «Qazaqstan РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды

Ләззат Танысбай «Qazaqstan РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында жазды.

Қымбатты достар! «Qazaqstan РТРК» АҚ ұжымына жаңа басшы Ләззат Танысбайды таныстырдым. Ләззат Мұратқызы белгілі журналист, телевизия саласының білікті маманы әрі табысты топ-менеджер екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ләззат Танысбай қазіргі уақытқа дейін қолға алынған іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Ал бұған дейін төрағалық қызметті абыройлы атқарған Ерлан Тынымбайұлы Қаринге алғыс айтып, жаңа қызметінде табыс тілеймін! — деді Дәурен Абаев

Дәурен Абаев пен Ләззат Танысбай
Дәурен Абаев пен Ләззат Танысбай. Фото: Facebook.com

Ләззат Танысбай 1973 жылы 11 қазанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы халықаралық журналистика институтын бітірген. Халықаралық бизнес университетінде «Қазіргі Қазақстан жағдайында телеарнаның қаржылық тиімділігін арттыру жолдары» тақырыбы бойынша МВА дәрежесін қорғаған.

Еңбек жолын 1993 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін тілші және тележүргізуші қызметін атқарды. «Хабар» агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996-2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редакторы әрі жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті.

2002 жылдан бастап ҚР Президент Әкімшілігінің баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор қызметтерін атқарды. 2005-2008 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды.

2008-2011 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылдың 4 қарашасында ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі болды. 2012 жылдың ақпанында «Астана теледидары» ЖШС бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 1 шілдесінде «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры болды.

Ләззат Танысбай — Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Еске салайық, «Qazaqstan РТРК» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Ерлан Қарин ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалған еді.