Мемлекетіміз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 3D-принтинг, онлайн сауда, мобайл банкинг, цифрлық қызмет көрсету сияқты перспективалы салаларды дамытуды қолға алып отыр. Сауда саласын онлайн жүйеге көшіру — басым бағыттардың бірі.

Қазақстанның IT-мамандары ТМД көлеміндегі әріптестерімен бірге бірнеше жыл бұрын тауар сату мен қызмет көрсету нысандарына арналған Smart Satu мобайл қосымшасын іске қосты. Қарапайым қосымша еліміздегі тауар жеткізу сервисінің сапасын қалай өзгертті? Жоба жетекшісі Болатбек Оспанов сұхбат барысында сол жөнінде толығырақ айтып берді. 

— Smart Satu мобайл қосымшасын құрастыру идеясы қалай келді?

— Мектепте оқығанда қосымша жұмыс істедім. Көлік жудым, газет те саттым. Саудаға жақын болып өскендіктен дүкенге тауар жеткізушілердің жұмысын жеңілдететін жоба құрастырғым келді. 2014 жылы мобайл қосымша идеясын қағазға түсірдім. Жарты жылдай жобаға инвестиция іздедім. 2015 жылы Минскіде жобаның платформасын бастадық. Төрт айдан соң жобаны құрастырып, Қазақстанда іске қостық. Біздің командада тек қазақстандық емес, Беларусь мен Ресейдің ІТ-мамандары да бар.

Бұған дейін Алматыдағы интернет-кафе желілерін дамытып жүрдім. 2004 жылы алғаш рет компьютер клубын да аштым. ІТ-компанияда сатумен айналысып жүргенде де сауда нарығындағы мәселелерді ескеріп жүрдім. Ірі сауда желілерінде тапсырыс беретін жүйе болды. Ал жекеменшік сауда орындарында тауарға жедел тапсырыс беретін мүмкіндік болмады. Алматыда мыңдаған дүкен бар. Олар тауарға тапсырыс беру үшін көп шығындалады. Сондықтан біз дүкендер, мейрамханалар мен қонақүйлерге қызмет көрсететін мобайл қосымша құрастырдық. Біз ең үздік қазақстандық компания боламыз деп мақсат қойдық.

— Мобайл қосымша қалай жұмыс істейді?

Android пен іOS платформаларын қолданушы мобайл қосымшаны жүктеп, тіркелуі қажет. Содан соң қажет тауарға тапсырыс беріп, сұраныс жібереді. Сонымен қатар өнімдердің бағасын да  салыстыра алады. Бұрын дүкенші тапсырыс беруші іздеп, оған сұраныс жіберуші еді. Дүкенде тауар таусылып қалса, басқа күнді күтетін. Қазір біз тапсырыс берушінің, яғни дүкеншінің жұмысын жеңілдеттік. Сонымен қатар тапсырысты жеткізушінің тауары тиімді баға мен сапада ұсынылады. Егер жоспарланған тауар мерзімнен бұрын таусылып қалса, онлайн режимде Smart Satu қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады.

Бастапқыда біз дүкен араладық. Smart Satu мобайл қосымшасы жүктелген планшет таратып, тауарға тапсырыс беретін тариф қостық. Бұл қызметті ақысыз атқардық. Базада 100-ге жуық тапсырыс жеткізуші болғанда жұмысымыз күрделене түсті. Мобайл қосымшада сатылымдағы тауардың бағасын біліп, өзге тауарлармен салыстыруға болады. Сонымен қатар дүкенде тапсырыс берушілердің есеп жазу сияқты қағаз жұмысын қысқарттық. Тапсырыс беретін тауардың көлемі, бағасы және сату аналитикасы жайлы ақпаратты мобайл қосымшаның Smartsatu.com сайтынан білуге болады.

Smart Satu мобайл қосымшасы арқылы мыңдаған дүкен тапсырыс береді. Осындай жобамыздың жұмыс қарқынына қарап, Қазақстанның жастары басқа да осындай пайдалы қосымша құрастыра алады. Google, Facebook сияқты танымал жобаларды біз де құрастыра аламыз. Қазақстанда құрастырылған кейбір жобалар шетелде үлкен сұранысқа ие. Қолданыста күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы мобайл қосымшалар көбейген сайын инвесторлар ІТ саласына көңіл бөледі. Ал жастар өз жобаларына инвестиция іздеп әуре болмайды.

Smart Satu компаниясы
Smart Satu командасы. Фото компанияның жеке архивінен

— Сонда тапсырыс беруші дүкен мобайл қосымшаны тегін пайдалана ма?

— Иә, тапсырыс беруші қосымшаны тегін пайдаланады. Ешқандай жарна төлеудің қажеті жоқ. Дүкенде тауар таусылып қалса, кез келген уақытта мобайл қосымша арқылы тапсырыс беруге болады. Оған қоса, статистиканы сайттан көруге болады. Қала бойынша ғана емес, ауылдағы дүкендер де осы мобайл қосымшаны пайдалана алады. Тапсырыс жеткізушілер, өндірушілер мен дистрибьюторлар мобайл қосымшаға тіркелген. Біз сүт, көкөніс, жеміс-жидек, ет, тұрмыс химиясы өнімдері мен кеңсе тауарларын жеткізушілермен жұмыс істейміз.

— Smart Satu қызметінің артықшылығы қандай?

  • Тез, қауіпсіз және тауарға смартфон арқылы кез келген жерде тапсырыс беруге болады;
  • Қосымшаның құрылымындағы қызметтерді тегін қолдануға болады;
  • Тапсырыс беретін тауардың бағасын салыстыруға болады;
  • Өнімнің фотосуретін көруге болады;
  • Тапсырыс жеткізуші мобайл қосымшаға тіркелген болса, ауыл-аймақтан тапсырыс алуға болады;
  • Дүкендер ғана емес, қонақүйлер мен мейрамханалар да тауарға тапсырыс қабылдай алады.

— Қосымшаға тағы қандай функциялар қосылады? Қандай жоспарларыңыз бар?

— Мұндай жобаны алғашқылардың бірі болып іске асырдық. Қазір Алматы бойынша 3000-ға жуық дүкен біздің мобайл қосымша арқылы тауарға тапсырыс береді. Басты кеңсеміз — Сингапурде. Сонымен қатар Мәскеу мен Алматыда да компанияның бөлімшелері бар. Мобайл қосымша Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Беларусьте де пайдаланылады.

Біздің басты мақсатымыз — тапсырыс берушіге тауарды сапалы жеткізу. Енді көрші мемлекеттер ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі елді мекендер де осы мобайл қосымшаны пайдаланғанын қалаймыз. Былтыр біз Smart Satu мобайл қосымшасын Американың бірнеше компаниясына ұсынып, кәсіби мамандардың оң бағасын алдық. Биыл оны Ұлыбритания мен АҚШ-та іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!