Семейге қарасты ауылдық округтерде мал шаруашылығы дамып жатыр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдың тұрмысын арттыру мақсатында мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көзделген, елімізде жүргізіліп отырған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруды тапсырған. Осы орайда Семейге қарасты Жиенәлі және Достық ауылдық округтері әкімдері өткен жылды қорытындылап, қазіргі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің деңгейі туралы ақпарат берді.

Жиенәлі ауылдық округі Семейден 50 шақырым жерде орналасқан. Округ тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. 2018 жылы «Жарқын» және «Нұр» қожалықтары мемлекеттен 21 миллион 700 мың субсидия алып, бүгінде мал шаруашылығын дамытып отыр. Ал 2017-2022 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Бөкенші ауылының тұрғыны Мадияр Бейсембинов «Бизнес бастау» бағдарламасымен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ол шағын несие алып, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосып жатыр. Бүгін барлық әлеуметтік нысан, оның ішінде Бөкенші ауылының дәрігерлік амбулаториясы, Маралды ауылының медициналық пункті, ауылдық клуб, ветеринарлық пункт халыққа қызмет етіп тұр. Сонымен қатар ауылды абаттандыру, жарықтандыру, ауызсумен қамтамасыз ету де қарқынды жүргізіліп жатыр, — деді Жиенәлі ауылдық округінің әкімі Гүлжан Аманжолқызы.

Достық ауылдық округі халқының да басты кәсібі — мал шаруашылығы. Қазір 13 шаруа қожалығында 640 бас ірі қара өсіріліп жатыр.

Достық ауылдық округі қаладан 25 шақырым жерде орналасқан. Округ ауыл шаруашылығына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көзделген жұмыстарды атқарып келеді. Қазір ауылда су желісі мен мұнарасын қайта іске қосу жүріп жатыр. Сонымен бірге көшелерді жарықтандыру мәселесі де алдыңғы қатарда тұр, — деді Достық ауылдық округінің әкімі Нұркен Жарликенов.