«Мама Про» жобасы осындай мәселесі бар аналарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынды. Негізін қалаушылар — қазіргі таңда қор президенті қызметін атқаратын Гүлсім Семёнова, пиар-менеджер Әсия Тікеева және жоба менеджері Айжан Әлжанова сияқты аналар. Жоба бастапқыда өзара идея алмасатын клуб болып құрылған. Биыл бір жыл толады. «Мама Про» курсын қазіргі уақытта үшінші лек оқып жатыр. Әрбір лекте  20 ана тәлім алады. Сабақтар екі ай бойы жүргізіледі. Барлығы тегін.

Мама про жобасы
Орталықтағы балалар бөлмесі. Фото жобаның архивінен

Заң бойынша мұндай балалардың анасына еңбек құқығы беріле бермейді. Соның әсерінен олар білімін, білігін жетілдіре, қолдана алмай қалады және ақша табуы қиындай түседі. Қоғам өмірінен алшақтап кетеді, — дейді «Мама Про» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қасымхан Қаппаров.

Жобаның мақсаты — ерекше балалардың анасына жұмыс табуға жәрдемдесумен бірге оған кәсіп жүргізуге қажет дағдыларды қалыптастыру. Аналар мұнда желілік маркетинг, компьютерлік сауаттылық, бухгалтерлік есеп және кәсіп жүргізу негіздері бойынша сабақ алады.

Тамара Дүйсенова
Тамара Дүйсенова, «Асыл бала» қорының және «Мама Про» жобасының құрылтайшылары. Фото жобаның архивінен

Ал басқа бөлмеде балалармен тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді.

Орталыққа Астана әкімдігі, «Сорос-Қазақстан» қоры және АҚШ елшілігі демеушілік көрсетеді. Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, жобаға қатысқысы келетіндер саны әдетте орын санынан да асып түседі. «Мама Про» жобасы елімізде әзірше Астанада ғана жұмыс істейді. Болашақта әрбір облыс орталығында ашылмақ.

Бүгінде әр лектегі 20 ананың бес-алтауының жеке кәсібі бар. Олардың бірі ерекше балалардың аналарына арналған жеке орталығын ашса, енді бірі маркетинг саласында қызмет етіп жүр. Қазақстанда осы тәрізді біршама жоба бар. «Мама Проның» олардан ерекшелігі — балаларға ғана емес, аналарына да көмек көрсетуінде, — дейді Қасымхан Қаппаров.

Оның айтуынша, аналар жобаға қатысып, бір-бірінен психологиялық қолдау алады, бақытты, табысты болуға әрқашан мүмкіндік бар екенін түсінеді.

Республикалық «Таным» сыйлығын алу сәті. Фото жобаның архивінен

«Курс жеке орталығымды ашуға мүмкіндік берді»

Салтанат Қалеева, «Мама Про» жобасының қатысушысы, 39 жаста:

«Тумысынан дамуы жағынан артта қалған ұлым үшін бұған дейін бірнеше жыл бойы оңалту орталығында қызмет істедім. Балам таңертеңгі ауысымда оқығандықтан түскі уақытқа дейін ғана жұмыс істейтінмін. Қалған уақытымның барлығын айрықша күтімді қажет ететін баламның қасында өткіздім. Биыл ұлым 13 жасқа толды. Одан кіші екі ұлым бар. Қазір бірі алтыда, екіншісі бес жаста».

Алғашында ұлым дені сау балалар тәрізді бірқалыпты өсіп келе жатты. Алайда біраз уақыт өткен соң даму процесі баяу жүріп жатқанын байқадым. Өзге балалар бес-алты айлығында отырса, ол отыруды сегіз-тоғыз айлығында үйренді. Бір жастан жеті ай асқанда ғана жүре бастады. Жүрген күннің өзінде аяғы мен қолдары әлсіз қимылдайтын еді.

Шәміл Аляутдин
Шәміл Аляутдинмен кездесу. 2018 жылдың желтоқсаны. Фото жобаның архивінен

«Тіпті, өз бетімен орнынан тұра алмайтын. Тілі де кеш шықты. Басқа сәбилер тәрізді «ана», «әке» деп те айтпай, ойындағысын ыммен, саусағымен ғана көрсететін. Ұлым алты жасқа толғанда оның шынымен де дұрыс сөйлей алмайтынын білдік. МРТ-дан соң (магнит резонанс томографиясы) мидің дұрыс жетілмегенін, яғни орталық жүйке жүйесі дамуының сирек кездесетін ақауы бар екенін айтты. Бұл ауру медицинада «пахигирия» деп аталады.

Ақыл-ойы қатарластарынан біршама артта қалған соң балам олармен бірге ойнай алмайтын. Қазір жасы 13-те болғанымен даму процесі алты жастағы баланікіне сәйкес. Аллаға шүкір, соған қарамастан күн санап жетіліп келеді».

Денсаулығында кемістік бар екенін білген кезден-ақ ендігі өмірімнің барлығы осы ұлыма арналатынын түсіндім. Қандай жұмыс істесем де, қайда жүрсем де, бар ойым тек ұлымда болды. «Оған ана ретінде қалай көмектесе аламын?», «қашан сөйлейді?», «қашан басқалар сияқты толыққанды бала болады?» деген сұрақтар мені жиі мазалайтын.

«Сондай күндердің бірінде оған да, өзіме де пайдасы тиетін орталық ашу идеясы ойыма келді. «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын неге ашпасқа?» деп ойладым. Ұлыма ғана емес, өзге де көмекке мұқтаж балалар үшін дәл осындай орталықтың өте қажет екенін ұғындым. Қаржы қиындығы өз басымнан өткендіктен ата-аналарға оңайға соқпайтынын түсінемін. Мәселен, логопедке, психологқа барасың, ал өзгелеріне баруға ақшаң жетпей қалады. Дәрі-дәрмегіңе кететін қаражатты айтпағанның өзінде басқа да шығын жетерлік. Сол себепті бағасы олардың қалтасы көтерерліктей қолжетімді болғанын қаладым».

Мама про жобасы
Фото жобаның архивінен

Жоспарымды ұзақ уақыт бойы жүзеге асыра алмадым. Сөйтіп жүргенде Instagram желісінен «Мама Про» жобасы жайында естідім. Ол кезде балаларыма қарап, үйде жұмыссыз отырған едім. Курста ерекше күтімді қажет ететін балалардың анасына барынша қолдау көрсететіні, оның үстіне тегін оқытатыны қатты ұнады. Сондықтан көп ойланбастан жобаға қатысамын деп шештім.

«Орталыққа ұлыммен бірге барып жүрдім. Іші өте ыңғайлы, барлық жағдай жасалған. Ең қолайлысы — бір бөлмеде аналар жұмыс істесе, екіншісінде балалар ойнап отырады. Осыдан кейін баламды бұрынғыдай кімге қалдырамын деп уайымдамайтын болдым.

«Мама Проға» келгенге дейін арман-мақсатымды іске асырудың жолын таппай жүрдім. Ал бұл жоба маған оңтайлы әдіс-тәсілін үйретіп, жаңа мүмкіндік сыйлады. Бар болғаны екі ай ішінде көп нәрсені меңгердік. Сұранысқа ие бухгалтерлік есеп, копирайтинг, жобаларды презентациялау тәрізді салалар бойынша сабақ алдық. Табысты кәсіпкерлер тәжірибелерін бөлісті. Жоба басшылары да бізге позитив көңіл-күй сыйлап, қолдау көрсете білді.

Курста оқып болған соң, бірден ойымдағы орталықты ашуға кірісіп кеттім. Сөйтіп ақпан айының басында көптен күткен оңалту орталығын ашып, қасыма мамандар жинадым. Шыны керек, бұл істі қолға алмас бұрын аздаған қорқыныш болды. Бизнес-жоспарды қалай құру керегін де білмеген едім. Көп уақыт бойы ойша жоспарлап, армандап қана жүрдім. Алайда алған бетімнен қайтпайтын қасиетімнің арқасында арманым ақиқатқа айналды. Бұл іске кірісуіме негізінен ұлымның әсері зор болғанын айта кеткім келеді.

Әрине, мұндай орталықты ашу оңайға түскен жоқ. Келісімшарт жасасудан бастап, қоқыс шығару мәселесіне дейінгі барлық істі жалғыз өзім атқаруыма тура келді. Бір жақсысы — бастамамды Астана әкімдігі қолдап, 400 шаршы шақырымдық ғимарат берді. Техникалық құралдар мен жиһаздар үшін қомақты қаражат қажет болғандықтан 4 миллион теңгеге жуық қарыз алдым. Оған қоса, жөңдеу жасадық».

«Әр балаға қол ұшын созғымыз келеді»

«Орталық үстел-орындық, төсектермен, тамақ әзірлеуге қажет асүй жиһаздарымен толық жабдықталған. Қазіргі таңда мұнда әртүрлі диагнозы бар 50 бала ем қабылдап жатыр. Олардың көбі балалардағы церебрал паралич (ДЦП), даун синдромы, аутизм, ми дамуының артта қалуы сынды ауруларға шалдыққан. Аудиториямыз — балабақшаға, мектепке бара алмайтын бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі ерекше балалар. Көбі 1-сыныпқа 10 жасында барады. Тіпті, қасықты дұрыс ұстай алмайтын балалар да бар. Міне, осындай балаларды өз бетімен жүріп-тұруға, өмір сүруге бейімделуге үйреткіміз келеді. Орталықта логопед-дефектолог, терапевт, психолог, бірінші санаттағы оңалту дәрігері жұмыс істейді. Әрбір үш топта үш тәрбиеші, әлеуметтік педагог, төрт бала күтушілері және аспаздар бар.

Бізге келген әр балаға қол ұшын созғымыз келеді. Бір орталықпен ғана шектелмей, болашақта тағы осындай орталық ашқым келеді. Оның біріншісі — 18 жасқа дейінгі балаларға, ал екіншісі 18 жастан асқан ересектерге арналады. Онда ересек адамдарды түрлі кәсіпке баулысам деймін. Бұл — менің алға қойған басты мақсатымның бірі. Себебі барлық баланың өмір сүруге, жарқын болашақтың иесі болуға қақысы бар. Оларға махаббатымды сыйлап, психологиялық қолдау көрсеткім, білгенімді үйреткім келеді. Бір сөзбен айтқанда, ерекше күтімді қажет ететін балалардың бақытты, толыққанды адам болуы үшін барымды саламын.

Бәлкім, «Мама Про» жобасы болмағанда бұл арманым орындалмас та еді. Сондықтан да мен тәрізді аналарға өмірде өз жолын табуға көмектесіп жатқан «Мама Про» жобасына айтар алғысым шексіз. Істеріне сәттілік тілеймін».

Мама про
Фото жобаның архивінен

«Инклюзив білім беру жолға қойылса, талай мәселе шешілер еді»

Айгүл Бердалиева, «Мама Про» жобасының қатысушысы, 45 жаста:

«Бұл жобаға келгенге дейін білім саласында мұғалімдік қызмет атқардым. Дүниеге келген нәрестем ерекше күтімді қажет ететін бала болды. Осыған байланысты үш жылдан аса үйде отырдым. Шынымды айтсам, айрықша күтімге мұқтаж баланы қабылдау маған өте қиынға соқты. Психологиялық тұрғыдан дайын болмадым. Бұл мәселені шешуге екі-үш айдай уақытым кетті. Баланы тіршілікке бейімдеп, дамыту үшін оңалту орталықтары да аздық етті. Мұндай балаларды қабылдауға қоғамның дайын еместігі тағы бар. Елімізде инклюзив білім беру жолға қойылса, талай мәселе шешілер еді».

Осындай қиын жағдайда жүргенімде чатқа келіп түскен мәлімет арқылы «Мама Про» жобасының басталғалы жатқанын естідім. Екі айлық курста кәсіпкерліктің алғашқы негіздеріне және компьютерлік сауаттылыққа үйретеді екен. «Мама Про» орталығының құрылтайшылары Гүлсім, Әсия, Айжан ханымдармен бұрыннан осы чат арқылы тығыз қарым-қатынаста едім. Бірден сауалнама тапсырып, іріктеуден өттім.

«Орталық мақсатына жетті»

«Жұмыс істеп, жаңа орта табуға, табысқа жетуге деген құлшыныс мені осы жобаға тартты. «Мама Про» балаларымызды сол жерде жұмыс істейтін арнайы тәрбиешілерге тапсырып, алаңсыз өз ісімізбен шұғылдануға мүмкіндік берді. Орталық мақсатына жетті. Менімен бірге оқыған аналар өздеріне қажет білім мен пайдалы мәліметтерді игеріп шықты. Ең бастысы, өзімізді табуға, тануға көмектесті. Бизнес саласының мықты мамандарынан тәлім алып, оны тәжірибеде қолдандық».

Мама про
Фото жобаның архивінен

Жоба барлық қатысушының өмірін түбегейлі өзгертті десем, артық айтқаным емес. Қазіргі таңда Салтанат есімді ана ерекше балаларға арналған оңалту орталығын ашып, сол бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал мен адамдарды шешендік, суырыпсалма сөз өнеріне үйретіп жүрмін.

«Кейде шәкірттерді үйлеріне барып оқытамын»

«Бала кезден үздіксіз оқыған кітаптарымның сөздік қорымның бай болуына әсері зор болды. Ұстаздық қызметім де мені одан әрі шыңдай түсті. Соңғы кездері өзімді тануға, жан-жақты дамытуға бағытталған кітаптарды көп оқыдым. Шешендік өнер — бала күннен бойыма сіңген қабілет. Осыдан болар, көп ойланбастан осы салада қызмет етемін деп шештім. Бүгінге дейін екі оқытушы және  10 оқушыға осы өнер бойынша   тәлім бердім. Маман өз ісінің шебері болса, өзгелерге «өнер алды — қызыл тіл» екенін ұқтыра білсе, кез келген адамның бұл салаға қызығушылық танытары сөзсіз. Бұл істі қолға алғаныма көп уақыт бола қоймады. Әзірше жеке орталығым жоқ. Кейде шәкірттерді үйлеріне барып оқытамын. Алдағы уақытта сөз өнеріне үйрететін орталығымды ашып, бірнеше шәкіртке тәлім берсем деймін. Болашақта әлеуметтік кәсіпкер болсам деген де арманым бар.

Елімізде ерекше күтімді қажет ететін баласы бар аналар өте көп. Алайда олардың барлығы бірдей психологқа бара бермейді. Олар мәселесін жалғыз өзі шеше алмауы да мүмкін. Міне, «Мама Про» — осындай қиын жағдайда жүрген аналар үшін таптырмас мүмкіндік. Болашақта осы тәрізді игі бастамалардың қатары толыға берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Аналар армандасын, мақсат қойсын және ең бастысы, әрекет етсін. Алла оларға және балаларына зор денсаулық пен бақытты өмірді нәсіп еткей!»

Сәбина Игілік
Материал #Іспенкөрсет ақпараттық кампаниясы аясында дайындалды