Бекболат Тілеухан қоғамды алаңдатқан қылмыстар жазасын күшейтуді ұсынды

Депутат Бекболат Тілеухан Алматы облысы жамбыл ауданында болған қанқұйлы оқиғаға қатысты өкінішін білдіріп, қайғыға ортақ екендігін хабарлады.

«Сегіз баланы жетiм қалдырып, көз жасына қалған қарақшылардың әдiл жазасын алуын Парламент Мәжiлiсiндегi «Нұр Отан» фракциясы айырықша назарында ұстайды деп сендiргiмiз, жұбатқымыз келедi», — дедi Бекболат Тiлеухан.

Оның айтуынша, бұл бiр отбасының ғана емес, бүкiл қоғамның жүрегiне түсiп отырған ауыр салмақ.

«Ата кәсiбi мал шаруашылығы болған елде мал ұрлығына үстiрт қарап, полиция тарапынан қажеттi назардың кемшiндiгi де жасырын емес. Жалпы, соңғы кездерi қарап отырсақ, бейбiт елдiң берекесiн алған экстремизм мен терроризм, нәрестесiн лақтырған ана, «ана» деуге келсе егер, адамдықтан безген педофилия сияқты қылмыстар қоғамда өршiп бара жатыр. Осы орайда Iшкi iстер министрлiгi осы iспеттес қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқармақ? Осындай қоғамның алаңдатушылығын тудырып отырған қылмыстарды ерекше санаттағы қылмыстар деп бағалап, оларға берiлетiн жазаны барынша күшейту үшiн қандай шара қолданылмақ?», — деген сауалын жолдады депутат.

Бекболат Тiлеуханның бұл депутаттық сауалына ақжолдықтар да қосылды.

«Бұл барлық депутаттардың ортақ пiкiрi», — дедi өз кезегiнде Мәжiлiс төрағасы Н.Нығматулин.

Еске сала кетейік, өткен аптада БАҚ-та Алматы облысы Жамбыл ауданында мал саудасымен айналысып жүрген үш жігіттің айуандықпен өлтірілгендігі хабарланған болатын. Кеше үш жігіттің мәйіті жер қойнауына тапсырылды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа бұл іске қатысты тергеу барысын жеке бақылауына алуды тапсырды.

Дереккөзbaq.kz