Басты бетЖаңалықтарАрыстағы жарылыс:...

Арыстағы жарылыс: Президент министрге қатаң сөгіс жариялады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы төтенше оқиғаға байланысты қатаң сөгіс жариялады.

Қазір біз әскери ведомствоның жүйелі кемшіліктері мен саладағы бақылаудың әлсіреуінің салдарымен күресіп жатырмыз. Сіз Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі салыстырмалы түрде жаңа адамсыз. Бірақ жағдайға қатысты толық жауапкершілігіңіз бар. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Еске салайық, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймаларда бірнеше жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Жуырда Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталады. 5 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы әскери арсеналға іргелес аумақта қару-жарақ пен жарылғыш заттар фрагменттерін жинау кезінде бір оқ-дәрі жарылып, соның салдарынан өрт шыққанын хабарлады.