«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ пошта және қаржы қызметтерінің операторы «Қазпоштамен» бірлесе отырып eGov.kz порталына қосымша цифрлық төлем жүйесін іске қосты. Енді портал қолданушылары электрон әмиян мен төлем картасымен қоса, мобайл баланспен де есеп жүргізе алады.
Kcell мен Beeline операторларының клиенттері ұялы телефонында балансы жеткілікті болса, жаңа қызметті пайдалана алады. Төлем картасынсыз әрі қолма-қол ақшасыз төлем жасау үшін менюге өтіп, «Мобильді телефон балансын пайдаланып төлеу» батырмасына басу қажет.
Бұдан кейін клиент төлем алынатын абонент нөмірін тереді, жеке мәліметтерін енгізеді. Мысалы, салық төлеу үшін азаматтың ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін), мемлекеттік табыс органын, сомаcын, салымның сипатын жазуы қажет болады. Мәліметті енгізгеннен кейін электрон төлемді растау үшін ұялы телефонға бір реттік пароль келіп түседі. Есептеу процесі аяқталғаннан соң абоненттің «Жеке кабинетіндегі» «Төлем тарихы» бөлімінде электрон төлем туралы түбіртек пайда болады. Ақша қазынаға екі жұмыс күні ішінде банктен аударылады.
Осылайша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электрон үкімет жүйесін дамытуға жаңа функция қосылды.
Электрон үкіметтің сайтында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотыңызды толықтыра аласыз, салық қарыздарын, коммунал қызметтерді, үкіметтік алымдарды, «Қазақтелеком» АҚ коммуникациялық қызметтерін, жеке тұлғалар үшін көлік және мүлік салығын және басқаларды көруге, төлеуге болады. Сайт статистикасы бойынша төлемдердің басым көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды өтеуге байланысты жүргізіледі.
2019 жылдың бірінші тоқсанының соңында порталда электрон төлемнің басталуынан бастап сайт пайдаланушылары шамамен 70 миллиард теңгеге 8,5 миллион транзакция жасады.
Айта кетейік, eGov.kz порталының төлем шлюзіне екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» АҚ қосылған.