Алматы әкімі №5 қалалық клиникалық ауруханасына барды

Бақытжан Сағынтаев мегаполистің денсаулық сақтау саласының жағдайымен танысты. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкім медицина қоғамдастығымен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.

Президенттің тапсырмасына сай медициналық қызметтің қолжетімділігі, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, дәрігерлердің мәртебесін арттыру сынды мәселелерді шешу қажет. Медициналық қызметтің сапасы — біздің мегаполисті дамытудың басты көрсеткіші. Сондықтан бірге жұмыс істеп, кемшіліктерді тікелей айтып, оларды шешу мен саланы дамыту жолдарын табу қажет, — деді Алматы әкімі.

Тұрғындардың алғашқы медициналық-санитарлық және жедел жәрдем қызметтерінің, стационарлардың жұмысы, медицина қызметкерлерінің дөрекілігі, дәрілердің жетімділігі бойынша арыздар мен шағымдар жиі түседі.

Бақытжан Сағынтаев қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына бірқатар тапсырма берді.