Басты бетЖаңалықтарБангкокта Нұр-Сұлтанның...

Бангкокта Нұр-Сұлтанның инвестициялық тартымдылығы артты

Нұр-Сұлтан әкімдігінің делегациясы Бангкокта «Бауырлас қалалар апталығы» бағдарламасына қатысты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарлама 27 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Қазақстандық делегацияның Бангкокқа сапары екі астана арасында бауырластық қарым-қатынас орнатудың 15 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтіп жатыр.

Іс-сапар барысында Нұр-Сұлтанның өкілдері тай әріптестерімен кездесіп, өзара астаналық билік қызметінің өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты.

Қазақстандық делегация елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімеледі.

ЭКСПО-2017 базасында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Seedstars ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған халықаралық технологиялық стартап-инкубатор, қалалық даму акселераторы, ІТ-стартап хабы сияқты перспективалы жобалар жеке атап өтілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, мәдениет және спорт сияқты салаларда ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу перспективалары қаралды. Екі астананың өкілдері Бангкоктың орталық парктерінің бірінде «Бәйтерек» монументінің моделін орнату мүмкіндігін талқылады.

Іс-шараның мәдени бөлімі аясында әлемнің жеті елінен келген Бангкоктың 19 бауырлас қалаларының музыкалық және би ұжымдары тай халқының назарына өз өнерлерін көрсетті. Қазақ музыка өнерінің дәстүрлі және заманауи шығармаларын орындаған ART Домбыра тобының өнеріне жұрт ыстық ықыласын білдірді.

Нұр-Сұлтанның көрікті жерлерімен таныстыратын фотокөрме қойылды.

Қазақстандағы Таиланд корольдігінің елшілігі екі астана арасындағы бауырластық қарым-қатынастың 15 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда бірнеше мәдени іс-шара өткізуге дайындалып жатыр.

7-8 шілде күндері сағат 20.00-де Есіл өзеніндегі Амфитеатрда «Таиланд түндері» өтеді. Онда тай халқының музыкасы мен ұлттық биі жұртшылық назарына ұсынылады.