— Ерболат, сізге ән айту өнері кімнен дарыды? Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

— Бұл өнер әуелі Жаратушыдан дарыды деп білемін. Бала кезден қолыма домбыра ұстап, әнге құмартып өстім. Марқұм анам бала кезінен ел арасында халық әндерін айтып, қара өлеңмен айтысқан. Нағашы жұртымда ақындық өнер дарыған бірнеше адам бар. Олар бәйіт, жыр-дастандарды көп айтқан. Әкемнің өзі: «Бұл өнер саған нағашыларыңнан дарыған», — деп айтып отыратын. Өз жұртым да өнерден құралақан емес. Ата-бабаларымның бірі қобызшы болған екен.

— Қай жерде білім алдыңыз?

— Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы атындағы эстрада-цирк колледжінде оқыдым. Кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әндері» кафедрасын 1998-2002 жылдары бітіріп шықтым. Ол кезде кафедра меңгерушісі Халық артисі Қайрат Байбосынов болатын. Консерваториядағы ұстаздарымнан көп сабақ алдым, дәстүрлі әнші ретінде қалыптастым.

Жетісу өңіріндегі жыршылық-жыраулық, әншілік өнердің қалыптасуына үлес қосқан Әсімхан Қоспасаров, Әлімқұл Жамбылов, Сәбит Оразбаев, Хамза Екейбайұлы сияқты тұлғаларды ұстазым ретінде құрметтедім, студент кезде көп тыңдадым. Замандасым болса да, Ақан Әбдуәлиевті өзіме ұстаз тұттым. Өйткені қазір орындап жүрген ән-жырдың көбін Ақаннан үйрендім.

— Дәстүрлі өнердің өзі бірнеше мектепке бөлінеді. Олардың бір-бірінен айырмашылығы, ерекшелігі қандай?

— Бұрын дәстүрлі ән өнері деп жалпылама айтылатын. Кейін әр өңірде әншілік, жыршылық, орындаушылық өнердің кеңінен қанат жаюына байланысты дәстүрлі өнердің өзі мектепке бөліне бастады. Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков сияқты жазушы, ғалымдар музыка зерттеушілерімен ақылдасып, дәстүрлі өнерді бес мектепке бөліп, анықтап берді. Біріншісі — Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірі, екіншісі — Орталық және Солтүстік аймақтар, үшіншісі — Қазақстанның Батыс өңірі, төртіншісі — Сыр бойының әншілік термешілік өнері, бесіншісі — Қазақстанның шығыс өңірін, Баян өлкесі мен Түркістанды қамтитын мектеп.

Әр өңірдің өзіне тән мақамы, иірімі және сазы болады. Сыр өңірінде көмеймен айту жыршылық дәстүрі бар. Мұндай дәстүрді Базар жыраудан, Кете Жүсіптен байқауға болады. Бұл өлкенің әндері Сыр өңіріне ғана тән ерекшелікпен орындалады. Тыңдаған адамға бірден Қызылорданың мақамы білінеді. Ал Маңғыстаудың әндері адуынды, төкпе болып келеді, кей тұсында өлеңнің философиялық мағынасына қарай баппен айтылады. Ал Арқа өңіріндегі әншілік, жыршылық дәстүрде Ақан серінің, Біржан салдың, Шашубайдың әндері кең тыныста айтылады. Жетісудың әншілік, жыраулық мақамы, сазы да табиғаты сияқты өзге мектепке ұқсамайды. Оның ішінде Сүйінбай, Құлмамбет, Бақтыбай сияқты ұлылардан бастап Кенен Әзірбаевқа дейін жалғасады.

Ерболат Шалдыбеков
Ерболат Шалдыбеков. Фото жеке архивінен

— Дәстүрлі әннің болашағы туралы не айтасыз?

— Бір нәрсені айтқым келеді — қазақ деген ұлт тұрғанда дәстүрлі әніміз де, тіліміз бен дініміз де, тарихымыз бен салт-дәстүріміз де өлмейді. Өйткені қазақ халқы қанша қиын кезеңнен, нәубеттен өтті. Соның өзінде дәстүрлі ән ауыз әдебиеті арқылы халықтан халыққа осы күнге дейін жетті. Қазақтың төл өнері жайлы бізден кейінгі ұрпақ та біледі деп ойлаймын. Қазір кәсіби мамандар, зерттеушілер көбейіп жатыр. Дәстүрлі әншілердің әрқайсы шәкірт тәрбиелеп отыр. Осындай кезде дәстүрлі өнер неге ақсап қалуы керек деген ой туады. Керісінше, қазақтың төл өнері дамып, кәсіби орындаушылар көбейеді деп сенемін.

— Қазіргі эстрада әншілерінен кімдерді ерекше бағалайсыз?

— Нұрғали Нүсіпжановтың оркестрдің, ансамбльдің сүйемелдеуімен орындаған әндерін тыңдаймын. Роза Рымбаеваның, Жеңіс Ысқақованың, Бақыт Шадаеваның, Жұбаныш Жексенұлының, Өмірқұл Айниязовтың шығармашылығымен жақсы таныспын. «Музарт» тобының, Мейрамбек Бесбаевтың, «Жігіттер» квартетінің заманға сай өңделіп, жазылған әндерін де тыңдаймын. Ардақ Балажанованың да өзгеге ұқсамайтын орындау ерекшелігі бар. Мөлдір Әуелбекованың әндерін де тыңдаймын. Оның әндерін балаларыма, отбасыма да тыңдатуға тырысамын. Кішкентай қызым «Мөлдір сияқты әнші боламын» деп әзілдейді. Димаш Құдайбергеннің өнерін, еңбегін бағалаймын.

— «Шырқа, дауысым» концертінен не күтеміз? Дайындығыңыз қалай?

— Қазір концертке қызу дайындалып жатырмыз. Оны қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арнадық. Концерттің бағдарламасына көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері, Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы, Садықожа Мошанұлы, Төлеген Момбеков сияқты ақын-композиторлардың туындылары енді. Ән кеші «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді. Сонымен бірге концертте Еңбек сіңірген қайраткерлер Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова және шәкірттерім өнер көрсетеді. Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қала қонақтарын 29 маусым күні «Қазақстан» ОКЗ камералық залында күтеміз.

— Әңгімеңізге рақмет!