Жарнама сервисінің базасынан ашылған Bright Souls жобасына «Новый Шанс», «Дворянское Собрание», «Хвостатый Рай» панажайларындағы иттер жайлы 50-ге жуық мәлімет орналастырылды. Мұндай мәлімет ит асырағысы келетін азаматтардың дұрыс таңдау жасауына көмектеседі.

SEED креатив агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда бұралқы иттер мәселесі өзекті мәселе болып отыр: жыл сайын 350 мыңға жуық ит атылады. Ондай иттерді аулауға, атуға және қалдықтарын жоюға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады.

Бұралқы ит көп жағдайда жануарларға қатыгез қарайтын адамдардың құрбанына да айналып жатады.

Ит
Панажайдағы ит. Фото жоба өкілдерінен

Жоба авторларының мәліметінше, қаңғып жүрген жерінен ауланған иттердің 0,2%-і ғана қожайын табады. Мұндай жағдай көбіне Алматыда тіркелген. Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан тұрғындары да бұралқы иттерді жаңа ортаға бейімдеуге аз да болса көңіл бөледі екен. Қожайыны жоқ иттердің мінез-құлқы мен аурасын зерттеп, көпшілікке таныстыратын жоба осындай өзекті жайттарды ескере отырып жасалған.

Біз үшін қоғамға көмектесу өте маңызды. Бұл жобаға қатысу — біздің кішкентай достарымыздың баспана, жылу, қамқорлық табуына көмектесу мүмкіндігі. Біздің сервисімізде қазақстандықтар күтімге мұқтаж иттерге баспана табу жөніндегі жарнамаларын орналастыра алады. Бүгінде сервисімізде иттерге қатысты 13 мыңға жуық жарнама бар, олардың 2 400-і «Тегін беремін» айдарында орналасқан. Жыл сайын 200 000-нан астам жануар қожайын тауып жатса, 350 000-ға жуығы иесіз жүріп, дала кезеді, атылып жатады. Біз Bright Souls жобасы Қазақстандағы иесіз иттердің санын азайтатынына және қоғамның иттерге көзқарасын өзгертуге, олардың сыртқы түрін ғана емес, ішкі әлемін де бағалауға ықпал етеді деп сенеміз, — дейді жоба авторларының бірі Марина Ким.

Жоба авторлары сервистен ит таңдау үшін оның суретіне ғана емес, аурасының мәліметтері негізінде оның мінез-құлқына да мән беруді ұсынады. Аура — биоэнергетика өрісі, оған қатысты мәліметтермен танысқаннан кейін қожайын қандай итті таңдайтынын толық анықтай алады.

Ит
Фото жоба өкілдерінен

Диагностика қарапайым, қолдағы «энергия жолдары» арқылы датчиктермен электр-магнит өрісін өлшеп білуге болады. Алынған дерек компьютерге беріледі, ол негізгі чакралардың түсіне сай белгіленеді. Мәселен, ашық күлгін түс асырап алатын итіңіздің сезгіштігін көрсетсе, қызыл түс оның адамға қуат беретін күшті ішкі энергиясынан хабар береді.

Ит аурасының түспен белгіленген мәліметі
Ит аурасының түспен белгіленген мәліметі. Фото жоба өкілдерінен

Адам үшін ит — бұл ең әуелі ішкі әлемі, мінез-құлқы және туабітті адалдығы бар дос. Енді біздің арнайы жобамыздың арқасында асырап алғалы отырған иттің аурасын көріп, әркім өзінің жанына жақын дос таңдай алады. Біз асыл тұқымды емес иттің өзінің жан дүниесінің тамаша болатынына сенеміз және бұл — ит асырап алғысы келгендердің назар аударуы керек басты нәрсесі, — дейді SEED агенттігінің креатив директоры Константин Соболь.

Бұл жоба бұралқы ит санын аулау арқылы емес, ит асырағысы келетін үйлерге тарату жолымен азайтуды насихаттайды.