Кинология — әскери қызметтің маңызды салаларының бірі. Бұл қызмет иелері өздерінің дене жаттығуымен бірге жанындағы тілалғыш итінің дайындығына да жауапты.

Адамның досы саналатын хайуанды қорғаныс-құқық қорғау саласына қалай үйретеді? Бұл туралы кинолог, запастағы сержант Төребек Айдаров әңгімелейді.

Кинолог Төребек Айдаров
Төребек Айдаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Иттердің сезу мүшесі адамдарға қарағанда бірнеше есе жоғары дамыған. Демек, қатардағы сарбаз үшін жанындағы төбетінің тигізер көмегі көп. Жануарды қызметке қалай баулуға болады?

— Жалпы осы салада жүргеніме тоғыз жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында иттердің түрлі тұқымын қолға үйреттік. Иттерді үйретуді негізінен күшік кезінен бастаған жөн. Ал итті дайындап шығуда кинологтың жұмыс тәсілімен және иттің қызметке қабілеттілігі үлкен роль атқарады. Негізінде итті жақсылап тәрбиелеу бір жылға жуық уақыт алады.

Ит
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қызметке көп жағдайда ұрғашы иттер таңдап алынатынын естіп пе едіңіз? Себебі ұрғашы иттердің мінезі тұрақты, берілген бұйрыққа тез бағынғыш болып келеді. Еркегі болса, жұмыс кезінде ойы бөлініп, жақын маңдағы ұрғашысының иісіне алданып кетуі мүмкін.

Қызметтегі иттердің тұқымы қандай? Иттерді қалай таңдайсыздар?

— Бұл салаға көбіне лабрадор, спаниель, неміс және Бельгия овчаркасы сияқты ит тектері алынады. Иттердің мінез-құлқын адамдардікі сияқты холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик деп төрт типке бөліп қарастыруымызға болады. Осылардың ішінде меланхолик, холерик типті иттерді сынақ нәтижесіне қарай таңдап аламыз. Жаңағы айтылған 4 көрсеткіштің ішіндегі флегматик типтегі иттер көп жағдайда қызметке жарамсыз болады. Міне, осы талаптар негізінде иттер таңдалып, күшік кезінен қолға үйретіледі.

Әскери ит
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Осы саладағы әр кинологтың өзінің иті болады. Мысалға, біздің иттеріміздің негізгі бағыты — жарылғыш заттарды іздеу. Бұл бағытта үйретілген екі итіміз бар. Бірі менің нұсқаулығымдағы Чак есімді орыс спаниелі болса, екіншісі Норд есімді неміс овчаркасы, жаттықтырушысы — Данияр Қалиев.

Иттердің қызметтік бағыттары:

  1. Із кесуші. Бұл бағыттағы иттер иіс арқылы жоғалған адамды табуға дағдыланған.
  2. Шабуылдаушы. Бұл иттер қашқан қылмыскерді ұстайды. Адамнан жасқанбайтын, беті қайтпайтын иттер таңдап алынады.
  3. Есірткі іздеуші. Бұл иттер көбіне кеден және жүк тасымалдау орындарында, адам  көп  жүретін  жерлерде  жұмыс  істейді. Бұл салаға көбіне сабырлы, адам жатырқамайтын иттер таңдалады.
  4. Жарылғыш заттар іздеуші. Жарылғыш заттар құрамындағы материалдар мен оқ-дәрінің иісін сезіп табуға арнайы маманданған қызметтік иттер.
  5. Одорологиялық зертхана иттері. Бұл бағыттағы иттер қылмыс ізін суытпай ашуға көмектеседі. Оқиға болған жерден табылған заттарды (киім-кешек, тағы басқа) тәркілеп, иісі алынып және сол іс бойынша ұсталған күдіктіден алынған екі иісті итке иіскетеді. Ит болса, екі иістің бір адамдікі екенін немесе басқа адамдікі екенін анықтауға көмекетеседі. Ал кинолог иттің тілін жасаған іс әрекетіне қарай түсінеді. Мысалы, иттердің бірі отырып, енді бірі үріп және жатып білдіреді.

Мамандардың айтуынша, бұл иттердің ішіп-жеміне сауаттылықпен қараған жөн. Иттердің жейтін асы олардың қызметіне кесірін тигізбеуі керек.

Қызметші ит
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кинологтар иттерге қалай бұйрық береді? 

— Жұмыс кезінде ит әрдайым сарбаздың сол жағында тұруы керек. Мысалы, сол қолды иық деңгейінде көтеріп, сосын қайта түсіру — «жаныма кел» деген пәрмен. Жұмсағанға жақсы үйренген итті жаныңа шақыру үшін сол қолмен сол саныңызды бірнеше рет соқсаңыз болды. Кинолог отырған иттің төбесінен алақанды төмен қарата көрсетсе, бұл — «орында» деген пәрмен. Бұл бұйрықты алған сәтте ит кинолог маман жанынан кетіп қалса да, тапжымай отыра береді.

Ит бұйрық
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оң қолдың төмен түсіп, алақанның төмен қарауы «жат» деген пәрменді білдіреді. Оң қолдың алақанын иықтың деңгейінде итке тура бағыттау «отыр» дегенді білдіреді. Бұл бұйрық ит иесінен алшақ тұрған уақытта беріледі. Оң қолдың алақанын жоғары қарату — ит үшін «тұр» деген пәрмен. Ал сұқ саусақпен белгілі бір орынды нұсқаса, ит «сол орынға бар» деп түсінеді. Міне, әскери саладағы қызметші иттер осындай әрекеттері мен мүмкіндіктерінің арқасында жұмысымызды жеңілдетеді.