Алматыда №7 бағыт бойынша жаңа автобустар жолға шықты

Алматыда көлікті реформалау аясында автобус паркін жаңарту және қаланың бағыттар желісін ұлғайту жалғасып жатыр. Бауыржан Байбек жеке тасымалдаушылар сатып алған автобустарды көрді. Бұл туралы мегаполис әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Yutong маркалы Евро-5 экологиялық сыныптағы автобустар №7 бағыт бойынша жолға шықты. Онда видеобақылау камерасы мен мүмкіндігі шектеулі топтағы жолаушылар үшін пандустар бар.

Алматының автобус паркі жыл аяғына дейін 100%-ке дейін жаңарады.

Таяуда тағы 500 автобус алынады, олардың 200-і газбен жүреді және 60 «гармошкалы» көлік. Қала әкімі тұрғындардың өтінішін ескере отырып, әуелі 38 және 48 бағыттағы автобустарды жаңартуды тапсырды.

Қала экологиясын жақсарту үшін электр көлігі енгізіліп жатыр. Ол үшін электробустардың үшінші буынын шығаратын қазақстандық-германдық-гонконгтік зауыт пен 300 орын автобус паркі салынды. Мade in Almaty көліктерінің алғашқы ондығы бірнеше күннен соң жүре бастайды.

Троллейбустың байланыс желісін жаңартудың ЖСҚ жасалды. Жаздың соңына дейін бюджеттен тыс қаржы есебінен бекет кешендеріне тағы 50 электрон табло орнатылады.

Үш жылда Алматының автобус паркі 80%-ке жаңарды. 1113 жаңа автобус сатып алынды. Бұған қаржыны көлеңкелі айналымнан шығаруға ықпал еткен «Оңай» жүйесі арқылы қолжетті. Қазіргі кезде барлық транзакцияның 97%-і қолма-қол ақысыз төленген.

Қазақстандағы алғашқы BRT желісі жүзеге асты, каршэринг және велопрокат қызметі енгізілді. Метроның екі бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге жеңіл рельсті LRT трамвай жобасы қолға алынды.