Алматы аялдамаларына цифрлық табло орнатылады

Жуырда Алматыда алғашқы электрондық табло пайда болады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы әкімдігінде қала аялдамаларында қоғамдық көлік қозғалысы кестесін көрсететін электрондық таблоларды орнату мәселесі талқыланды.

Әкімдік аялдамаларға цифрлық таблолар орнатуға қарсы емес. Мұнда оларды қала бюджетінен тыс қаржы есебінен орнату туралы айтылды. Алғашқы табло Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінде жыл соңына дейін пайда болады. Бұл істі Көлік холдингі өз мойнына алып отыр. Мегаполис әкімінің тапсырмасына орай біз бұл істі бюджеттен тыс қаржы есебінен орындаймыз және қаланың ірі тораптық аялдамаларын цифрлық таблолармен қамтамасыз етеміз, — деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат Хосчанов.

Ол 200 мыңнан астам тұтынушының карта бойынша көлік қозғалысын «Оңай» қосымшасындағы QR-код арқылы онлайн-режимде білетінін жеткізді. 360 мың белсенді қолданушы CityBus қосымшасын пайдаланып жатыр.

Жыл аяғына дейін әр аялдамаға қоғамдық көлік бағытының нөмірі, жұмыс уақыты көрсетілген соңғы ақпарат ілінеді.

BRT
BRT. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Алматыда жаңа қоғамдық көліктің үлесі 87%-ға дейін жететінін де айта кету керек. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келген еді. Бауыржан Байбек келешекте қоғамдық көлік саласын цифрландыра отырып, бір автобустан екіншісіне тегін отыруға мүмкіндік беретін жүйе енгізу керек екенін айтты.

Ескі әрі түтін шығаратын автобустар қалада жүруі тиіс емес. Егер көрсетілген қолдауға қарамастан жеке тасымалдаушы жылжымалы составты жаңаламаса, онда олармен келісім бұзылады. Жаңа технологияларды енгізіп, болашақта бір көліктен екіншісіне тегін ауысуды қарастырған жөн. Жолаушылардың көлік жұмысына қанағаттануы — тасымалдаудың басты критерийі. Жеке көлікті қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін лайықты балама ұсыну қажет, — деген болатын Бауыржан Байбек жаңа автобустардың таныстырылымында.