Басты бетЖаңалықтарАлматыда балет...

Алматыда балет театры мен конгресс-орталық салынады

«Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» бастамасы аясында 2020 жылы жеке инвестициялар есебінен балет театры мен заманауи конгресс-орталық салынады. Бұл туралы мегаполис әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мысалы, балет театры әл-Фараби даңғылының бойы мен Назарбаев даңғылының батысындағы ұзақ уақыт бос жатқан жерде бой көтереді.

Ғимарат архитектурасы фонтаны бар, айналасы көгалдандырылған әрі есте қаларлықтай ерекше сипатта жасалады. Оның көпқұрамды бөлшектері мен элементтері болады. Нысан фактурасы өте тартымды, оның жоғары жағы жарық көздері арқылы айрықша нұрланады.

Театр кеңістігін көпфункционалды және түрленетін тұрғыда жасау жсопарланған. Холл алаңында бизнес ивенттер мен салтанатты шаралар өткізуге болады. Ғимарат ішінде балалар үшін хореография мектебін ашу жоспарланған.

Алматының қала ретінде жедел дамып келе жатқан рөлін әрі мұнда жыл сайын 50-ден астам халықаралық ивенттердің өтетінін ескере отырып заманауи конгресс-орталық салу қолға алынбақ.

«Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» аясында биылғы жылы тағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылымдар, қосалқы нысандар салынып, көшелер мен парктер абаттандырылады. Осы жобалар есебінен ғана қосымша 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, қала бюджетіне 8,8 миллиард теңге салық түсті.

Жыл аяғына дейін Республика алаңын, Достық даңғылын, Байсеитова мен Жібек жолы көшелерін, Верный обсерваториясын, Алматы хайуанаттар бағын, Медеудегі шынығу баспалдақтарын, Мыңжылдық фонтанын, қаланың барлық сегіз ауданындағы өтпелі аймақтарды реконструкциялау аяқталады.

Бұлардан өзге, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның, №4 босану үйі мен Түрксіб ауданындағы психоневрологиялық интернат жанындағы қосалқы нысандардың, медициналық жедел жәрдем қосалқы станциясы мен Алатау ауданындағы патологоанатомиялық бюроның құрылыстары бітеді.

Алматыда 6 жаңа балабақша мен сейсмикалық жағынан қауіпсіз 10 мектеп пайдалануға беріледі.