Алматы әкімдігінің, коммуналдық кәсіпорындардың және өзге ұйымдардың қызметкерлері біркүндік жалақыларын Арыста зардап шеккендерге аударды. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматыда гуманитарлық көмек тиеген жүк машиналары мен фурлардың жаңа колоннасы ертең Арысқа аттанады. Қазір қажетті құрылыс материалдары (шатыр жабатын заттар,сылау қосындылары, суэмульсиясы, әрлеу және пиломатериалдар, есік- терезелер, құрылыс инвентарлары және басқалары), тауарлар жиналып жатыр.
Арыста көмек көрсетудің уақытша штабы ұйымдастырылды. Мамандардың күшімен есік — терезесі сынған, сырты мен шатырлары бұзылған үйлер тексеріліп жатыр.
Келесі аптада смета дайын болады. Қазір қираған, бұзылған нысандардың жалпы көлемін анықтап жатырмыз. Негізі терезелер, шатырлар, үйдің төбелері, іші қираған. Кейбір жерлерде күрделі жөндеу (үйлердің 10-15%) жүргізіледі. Қажетті көмек көресту үшін штабта техникалық бақылау мен құтқару қызметінің мамандары жұмыс істейді, — деп хабарлады штабтағылар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда қала кәсіпкерлерінің қолдауы барысында гуманитарлық көмек көрсетудің бірқатар шарасы жасалды. Nur Otan партиясы қалалық филиалының аясында зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсетіліп жатыр.
