«Мінбер» орталығы 15 адамға медиатренер дағдысын үйретті

Екі күнге созылған тренингке Қазақстанның 11 өңірінен: Орал, Ақтау, Қызылорда, Жаңақорған, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Семей және Алматыдан медиа өкілдері қатысты. Олар жобаға өтініш берген 65 адамның арасынан іріктелген. Тренерлерге арналған тренингті Есенгүл Кәпқызы мен Асхат Еркімбай өткізді. Фактчекер Баубек Сағындық ақпараттың рас-өтірігін ажырату мен фейк аккаунттарды әшкерелеудің әдіс-тәсілдері туралы айтып берді.

Өзгелер емес, ақпараттың алғы шебінде жүрген журналистердің өзі ақпараттық сауатты түсінбейді. Сол үшін де кейбір жалған ақпаратты ресми ресурс беттерінен жиі көріп қаламыз. Ақпаратқа сыни көзбен қарамау, оның астарында қандай мән жатқанына үңілмей қабылдай беру әдетке айналды, — дейді «Мінбер» орталығының өкілдері.

Тренингке қатысушы 15 адам медиасауат, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі этика, жалған ақпаратты әшкерелеу жөніндегі теориялық-практикалық білімін арттырып, осы білімді көпшілікке түсіндіру дағдысын үйренді. Енді олар үйренген білім-дағдысын өз өңірлеріне, қызмет істейтін мекемелеріне, студенттерге таратуы тиіс. Ол үшін әрқайсына 90 минуттық үш тренинг өткізу міндеті жүктеліп отыр.

Тренинг
Асхат Еркімбай. Фото: Баубек Сағындық

Қатысушылар болашақта өткізетін тренинг бағдарламасын дайындап, таныстырды.