Шығыс Қазақстан облысының жастары Арыс қаласына көмектеседі

Шығыс Қазақстан облысының жастары Арыс қаласына гуманитарлық көмек жинап, белсенділік танытып жатыр. Бұл туралы ШҚО Ішкі саясат басқармасы хабарлайды. Облыс аумағындағы барлық Жастар ресурстық орталығында жәрдемге жіберетін заттарды қабылдайтын бекет ашылды.

Мұндай ауыр жағдайда қол ұшын созбау – ағайындығымызға сын. Сондықтан біз, Жастар ресурстық орталығының ұжымы облыс басшылығының Арыс қаласының тұрғындарына көмек бастамасына барынша қолдау білдіреміз. Әр жердегі ресурстық орталықтардың мамандары бір күндік еңбекақыларын зардап шеккендерге көмек ретінде аударатын болады. Облыстың аудан-қалаларындағы ірі сауда орындарында, супермаркеттер мен базарларда қайырымдылық сөрелері ашылды. Онда қайғыға ортақтасқысы келген азамат арыстықтарға қажет тауарды әкеліп, ортақ іске өз үлесін қоса алады. Өздеріңіз көргендей, жерлестеріміз қайырымдылық акциясына қолдау көрсетіп жатыр. Бірі азық-түлік, екіншісі төсек-орын жабдықтарын әкеліп жатыр. Арыстағы ағайын, біз сіздермен біргеміз, – дейді орталықтардың жетекшісі Арайлым Есімбекова.

Жастар ресурстық орталығының Өскемендегі бекеті Потанин көшесі, 27/1 мекенжайында. Қаладағы базарлар мен ірі сауда кешендерінде де қайырымдылық сөрелері қойылған. Қолдау білдіргісі келген кез келген адам азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақты сонда қалдырып кете алады.