Жарылмаған снарядтар әлі де үй аулаларында жатыр

Арыста жарылмаған көптеген снаряд әлі күнге дейін үй аулаларында жатыр. Бұл туралы аймақ әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Әскери қызметкерлер Арыстың 16 көшесінен 70 жарылмаған снаряд жинады. Снарядтардың көбі үй ішінде. Қазір қалаға барудың қажеті жоқ, құжат алу үшін де, — деп жазды Сәкен Қалқаманов.

Бұған дейін тұрғындар Арысқа түрлі сылтаумен кірмек болған.

Өкінішке қарай, тұрғындардың Арысқа түрлі сылтаумен кіруге тырысып жатқанын айта кету керек. Әзірге асықпауға шақырамын. Өйткені жарылмаған снарядтар бар және олар айтарлықтай зиян келтіріп, адам өліміне алып келуі мүмкін, – деп ескерткен еді ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

Бұған дейін екі азаматтың қайтыс болғаны мәлім болды.