Тарбағатайда бәйге өтті

Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылында Елбасының «Ұлы даланың жеті» қыры мақаласы аясында халықаралалық ат бәйгесі өтті. Жауынға қарамастан бәйгеде жүйріктердің нағыз мықтысы анықталды.

140 шақырымдық бәйгеде топ жарып, Көкпекті ауданының намысын қорғаған Руслан Шаярғазиннің тұлпары жеңісті қолдан бермеді. Русланның айтуынша, ол тұлпарын бұл бәйгеге ұзақ дайындапты. Аудандық жарыстарда жеңімпаз атанған тұлпар осы жолы да озық шықты.

Бар еңбегіміз ақталды. Өйткені жылқыны бәйгеге қосу үлкен төзім мен дайындықты қажет етеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан топ жарып шықтық. Осындай бәйгені ұйымдастырып отырған демеушілерге алғыс айтамыз, — деді Руслан Шаярғазин.

Қарсыластарына шаң қақтырған жүйрік аттың иесі темір тұлпардың кілтіне ие болды.

15 шақырымдық топ бәйгеге тігілген темір тұлпардың кілтін жармалық Қайрат Шапатов еншілесе, 25 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген темір тұлпар алматылық Ғабит Үмбетовтің тақымында кетті. Ал 130 шақырымдық бәйгеде ақсуаттық Алмас Әмірғалиевтың және катондық Қуаныш Тұрсынбековтың аты жеңімпаз атанды.

Шабандоздар әрбір 30 шақырым сайын тоқтап, тұлпарларын демалдырды. Осы мақсатта арнайы киіз үйл тігіліп, қауіпсіздік шаралары жасалды. Шығыс Қазақстан облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың айтуынша, бұл турнир қазақстандық ат спортын дамытуға үлкен үлесін қосып отыр. Алдағы уақытта 140 шақырымдық ат бәйгесі дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін болады.