Смартфонға код қойыңыз

Әр адамның смартфонында код болғаны дұрыс. Жиі қолданатын қосымшаларға да кілтсөз қойғаныңыз жөн. Телефоныңыз тоналған жағдайда жеке жазбаларыңызды кез келген адам көреді. Ал көбі хаттарды күнделікті өшіріп отырмайды.

Әлеуметтік желіге жүктелетін ақпаратты қадағалаңыз

«Таңертең ерте тұрдым», «Қазір мынандай кафеде отырмын», «Мына досыммен кездестім» деген ақпарат аса қауіпті бола қоймас. Бірақ «Екі аптаға Тайландқа кетіп барамын, маңызды жұмысымды аяқтадым» деген сияқты ақпаратты таратпаған дұрыс. Себебі біраз уақыт бұрын үй сатып алғанынызды жариялап, өзіңіз ұмытып кеткен болуыңыз мүмкін. Әдетте адамдар әлеуметтік желіге өздері туралы ақпаратты көп жүктегенін байқамайды. Жариялаған ақпараттың мөлшерін міндетті түрде қадағалаңыз.

Әлеуметтік желідегі мәліметке қарап, қалай шабуыл жасалуы мүмкін? Мысалы, бір конференцияға қатысып, оны әлеуметтік желіде жарияладыңыз. Кез келген адам поштаңызға өзін сол конференцияға қатысқан адам ретінде таныстырып, сілтеме жіберуі мүмкін. Сіздің ойыңызда ештеңе жоқ, сілтемені басасыз да, гаджетіңізге вирус кіргізіп аласыз.

Сілтеменің барлығына бірдей кірмеңіз

Сізге жіберілген түрлі сілтемені ашқанда абай болыңыз. Мысалы, танысыңыз «Өте қызық» деп видеоға сілтеме жібереді. Ашқанда сізден видеоны көру үшін қосымшаларды жаңартыңыз деп сұрайды. Осылайша гаджетке вирус кіргізесіз. Одан кейін видеоны көрсеңіз де, ештеңе өзгермейді, тек вирус кіріп кетті. «Цифрлық промискуитет» деген бар. Ол сілтемеге ойланбай кіргенде, әртүрлі сайтты ақтарғанда, кез келген адамды қабылдай бергенде пайда болады. Танымайтын аккаунттан біреу қажетсіз сілтемелер жіберсе, оның ішінде террорлық ақпарат болса, сіз оны тасымалдаушыға айналасыз.

Тегін Wi-Fi-ға қосылмаңыз

Тегін Wi-Fi таратылатыны туралы ақпаратты көрдіңіз де, қосылдыңыз. Wi-Fi-ды кез келген адам өзінен қосып, сіздің ақпаратыңызды көшіре алады. Себебі бүкіл трафигіңіз Wi-Fi-ды қосқан адам арқылы жүреді. Wi-Fi-ға парольді күрделі етіп қойған дұрыс. Егер сіздің пароліңіз «1234» сияқты оңай болса, оны бұзу түк емес.

Құжатты бірнеше орында сақтаңыз

Фото-видео, құжат сақтайтын сервистерге барлығы сене бермейді. Бұл орынды, себебі ең мықты деген желіні де бұзып алуы мүмкін. Мұндайда үш рет сақтау ережесі бар. Керек құжатты екі папкаға салып, компьютерде екі орынға сақтайсыз. Үшіншісін арнайы желіге салыңыз.

Компьютерде әр құжат өз орнында тұрғаны дұрыс. Құжатпен көп жұмыс істейтін адамдарда ретсіздік болады. Салдарынан қажетін таппай жүреді. Сондықтан бұл — қарапайым болса да, өте маңызды ереже.

Ең қауіпсіз әрекет — қоңырау шалу және SMS жазу

Қолданып жүрген барлық сервис жеке жазбаларды көшіреді. Себебі оның кез келгені тіркелгенде өзіңіз туралы ақпараттың көшірілуіне келісуіңізді сұрайды. Қазір сіздің айтқан, жазған ақпаратыңыз тек қоңырау шалғанда және хат (SMS) жазғанда сақталмайды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!