Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне қарағанда смартфондарда болатын радиация ересектерден гөрі баланың денсаулығына аса қауіпті. Украина педиатры, профессор Сергей Няньковский баланы гаджеттердің осы және басқа да қаупінен қорғау жөнінде бірнеше кеңес береді:

  • Кейде үлкендер баламен телефон арқылы сөйлесіп жатады. Олар ұзақ тілдеспесе де, сол уақыт аралығында бала үшін қауіпті радиация тез тарайды. Сондықтан оның телефонмен сөйлесу уақытын мейлінше қысқартып, телефон тұтқасын бала құлағына тақамай, гарнитурамен немесе телефонның дыбысзорайтқышын қосып, сөйлескен жөн.
  • Телефонды ұл баланың шалбарының қалтасына, қыз баланың ішіне жақын қалтаға салуға болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеудің нәтижесінде телефоннан тарайтын радиацияның жыныс жасушаларын зақымдайтыны анықталды.
  • Балаға ұйықтардан 1-2 сағат бұрын мүлде телефон ұстамауды және оны басына жақын жерге қоймауды үйретіңіз. Телефон төсектен ең кемі жарты метр алыс болғаны жөн. Бұл ереже ересектерге де қатысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірнеше рет жасаған зерттеуі телефонды 10 немесе одан да көп жыл пайдаланған адамда ми ісігі қауіпі болуы мүмкін екенін анықтады.
  • Бала смартфондағы ойынды ойнап жатса, оны әуе режиміне қоюды ұмытпаңыз.
  • Ұйықтарда үйдегі Wi-Fi роутерін өшіріп қойған жөн. Көршілеріңізден де соны өтініңіз. Себебі Wi-Fi төмен деңгейлі микротолқын сәуле таратады. Ол адамның терең ұйқыға кетуіне кедергі келтіріп, енжар етіп, жадына кері әсерін тигізеді.
  • Ең бастысы — балаға жеке ақпаратты қорғауды үйретіңіз. Қазіргі кезде ұялы телефон компьютерден кем қызмет көрсетпейді. Интернеттен пайдалы ақпарат алып қоймай, желі хакерлері тұлғаның жеке басына қауіп төндіріп жатады. Сондықтан балаға бейтаныс адаммен сөйлеспеуді, телефон нөмірі, аты-жөні мен басқа да жеке ақпаратты айтпауды үйретіңіз.

Сергей Няньковский бір еңбегінде американ әріптесі Роберт Блоктың балалар физиологиясына қатысты айтқан сөзін дәйек ретінде қолданған. Роберт Блоктың айтуынша, бала ағзасы қоршаған ортаның әсеріне ғана емес, ұялы телефонның сәулелеріне де ересектерге қарағанда өзгеше реакция береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігінің мәліметінше, ұялы телефон қолданған баланың миына орташа радиожиілікті энергетика күші ұялы телефон қолданған ересектердің миына қарағанда екі есе, ал оның бассүйек кемігіне ересектердікіне қарағанда 10 есе көп түседі.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Peacebot (Artur Didenko)