Барлық өңірде цифрлық сауат курсы басталады

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Зерде» холдингі» АҚ-мен бірге адам капиталын дамыту мақсатында халықтың цифрлық сауатын ашу бойынша әдістемені және оқу бағдарламасын әзірледі.

Еліміздегі цифрлық сауат деңгейін 80% көрсеткішке жеткізу үшін 468 мыңға дейін адамды ақпараттық қауіпсіздік, электрон коммерция, электрон және Ашық үкімет порталын пайдалану сияқты тағы да басқа базалық компетенцияларға оқыту көзделген.

Бағдарлама шеңберінде биыл елдің әр аумағында халыққа цифрлық сауаттың базалық компетенцияларын үйрету бойынша іс-шараларды жалғастыру жоспарланып отыр.

Цифрлық сауат ашу алғаш рет 2018 жылы бастау алып, 686 мың адам базалық комптенциялар бойынша оқу курстарынан өткен болатын. Жыл қорытындысы бойынша, цифрлық сауат деңгейінің көрсеткіші 79,6% болды.

2019 жылы оқу курстары төмендегі дағдылар бойынша өтеді:

  1. Базалық цифрлық дағдылар. Мұнда дербес компьютер, ноутбук, мобайл құрылғылар туралы негізгі мағлұмат, интернет желісіндегі жұмыс туралы ақпарат беріліп, Microsoft Office бағдарламасы, қауіпсіздік пен деректерді сақтауды сенімді қолдану үйретіледі.
  2. Электрон үкімет және электрон мемлекеттік қызметтер. «Электрон үкіметті» қолдану дағдысы бойынша мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай «онлайн» алу үйретіледі.
  3. Ашық үкімет. «Ашық үкіметті» қолдану бойынша «Ашық үкіметтің» төрт компоненті (ашық деректер, ашық норматив-құқықтық акт, ашық диалог және бюджет) үйретіледі.
  4. Электрон сауда. Бұл дағды бойынша тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сату және ілгерілету үйретіледі.
  5. Ақпаратты қорғау дағдылары. Осы бағыт бойынша жеке деректерді, компьютерді, планшет, смартфонды қорғау, интернет желісін қорғау туралы қажет мәлімет беріледі.

2019 жылдың сәуір-мамыр айларында «Зерде» Холдингі» АҚ, «Қазпочта» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары тұрғындарға цифрлық сауаттың базалық және кәсіби дағдыларын оқытатын тренерлерді дайындаған болатын.

Оқыту курстары компетенцияларын 1 немесе 5 дағды бойынша көтергісі келетіндер үшін тегін жүргізіледі.

Курстар 2019 жылы 17 маусымда Қазақстанның барлық өңірінде (аудан орталықтарында, ауылдарда және кенттерде) мектептер мен кітапханалар базасында басталады.

Сіздің аймағыңызда курстың өтетін уақыты мен орны туралы жергілікті органдардан және «Цифрлық Қазақстан» ресми сайтының «Цифрлық сауаттандыру» бөлімінен біле аласыз.