Нұр-Сұлтанда цифрлық сауат курстары өтеді

Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, жобаға астаналық 20 мектеп қатысып отыр. 31 мамыр күні арнайы жаттықтырушылар (оқытушылар)  дайындықтан өтті. Шара «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ базасында ұйымдастырылды.

Курс «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Тұрғындарды цифрлық сауаттылыққа оқытуды Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізеді.

Оқыту жұмысы бес бағытты қамтып отыр. Біріншісі — базалық цифрлық дағды. Мұнда дербес компьютер туралы негізгі мағлұмат, интернет желісіндегі жұмыс туралы ақпарат беріліп, Microsoft Office бағдарламасы үйретіледі. Екіншісі — Open Gov дағдылары. Мұнда қарау, пікір айту, ашық мәліметтер жинағы, норматив-құқық актілері жобалары, бюжет бағдарламалары, басшылар блогына өтініш жолдау, конференция мен сауалнамаға қатысу әрі шағым беру, жазылу, хабарлама алу да кіреді. Үшіншісі — электрон коммерция дағдылары. Ол тауарларды онлайн нарықта сатуды меңгертеді, қызметтерді электрон форматта ұсынуды, көптеген қажет қызметті онлайн алуды, оларды электрон түрде жылжытуды, Telegram-ботты қолдануды үйретеді. Төртіншісі — электрон үкімет дағдылары (e-gov). Мұнда мемлекеттік қызметтер мен лицензияларды онлайн алу туралы айтылады. Бесіншісі — ақпараттық қауіпсіздік дағдылары. Бұл бағытта тұрғындарға смартфон, планшет, жеке деректі қорғау, қаржы операцияларын жасаудағы сақтық шаралары үйретіледі.

Курс тұрғындарды цифрлық тұрғыдан сауатты болуға, жаңа технология тілін тезірек үйренуге септігін тигізеді деп жоспарланып отыр.