Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

ҰБТ-2026: талапкерлердің орташа балы белгілі болды

Фото: Gov.kz

Не болды?

2026 жылғы негізгі ҰБТ басталғалы тестілеу шамамен 139 мың рет тапсырылды. Тестілеудің орташа балы белгілі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің басым бөлігі емтиханды қазақ тілінде тапсырды. Атап айтсақ, түлектердің 71%-ы қазақ тілін, 29%-ы орыс тілін, 259 адам ағылшын тілін таңдаған.

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже 65 балл болды. Ең жоғары 140 балл Павлодар облысының түлегі Әсет Әлтайырда.

Министрлік ерекше білім беру қажеттігі бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық бергенін атап өтті. Үш апта ішінде ҰБТ-ға осы санаттағы 392 талапкер қатысқан.

Сонымен қатар тестілеу барысында ереженің сақталуы қатаң бақылап жатыр. Осы уақыт аралығында 283 тәртіп бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде 168 талапкер аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кірмек болған, тағы 115 талапкердің емтихан кезінде ереже бұзғаны анықталып, нәтижесі жойылды.

ҰБТ аяқталғаннан кейін де бақылау жалғасады. Биыл 31 қазанға дейін тестілеу кезіндегі бейнежазбалар қайта тексеріледі. Егер тыйым салынған құралдар немесе басқа да заңсыз әрекет анықталса, нәтиже жинаған балға қарамастан жойылады, — делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Контекст

Естеріңізге салайық, Есік қаласында түлектер ҰБТ тапсырып жатқанда интернет өшіп қалған.