Басты бетҚоғамТуризм саласын...

Туризм саласын цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

Туризм индустриясын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыты – туристік қызметтер нарығындағы цифрландырудың деңгейін жоғарылату. Осыған орай, еліміздегі туристік бағытта қызмет көрсету барысын оңтайландыру ісі жолға қойылады. Бұл бастама саяхатты жаны сүйетіндерді елімізге тартуға және олардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді.

Шетелдік туристер Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы арқылы еліміздің көз тартарлық ерекше, көрікті жерлерімен танысып, олардың тарихы жөнінде кеңірек ақпарат ала алады. Қазақстанда саяхат жасаудың тиімді тұстары жөнінде де пайдалы мәліметтерге қаныға алады.

Порталда тегін тур операторлар, жолнұсқаушылар қызметі, туристік агенттіктер, бөлшек сауда дүкендері мен кәдесый дүкендері туралы мәліметтермен қатар, қонақ үйлерді және авиабилеттерді броньдау мүмкіндіктері қарастырылған. Алдағы жылы порталдағы бизнес бөлімі де кеңейтіліп, жаңарту жұмыстары жүргізілмек.

Порталды дамыту шеңберінде E-hotel жобасы ұсынылды. Онда қонақ үйлердің бірыңғай дерекқор базасы түзіледі. Бұл болашақта елімізге келетін туристердің орналасуы бойынша туындаған сұрақтарына оңтайлы шешім болмақ.

Бұдан басқа, 10 жоғары туристік аймақ деп танылған туристік орталықтарға тегін интернет орналастырылады. PowerBank және SOS батырмасы, шетелдік туристерге арналған мобайл MiFi-роутерін қосу жоспарланып отыр.

Google зерттеуіне сәйкес, әлемдегі туристердің 65%-ы демалатын орындарын анықтауда онлайн-ресурстардан алынған ақпаратқа сүйенеді екен.