— «Туристік қамқордың» құрылғанына үш жыл болды. Қор қандай мақсатпен ашылды? Қазірге дейін қанша туриске көмек көрсетілді?

— Туристік нарықтағы алаяқтардың кесірінен азаматтардың көбінің жататын орнының ақысы төленбей немесе қайтатын билеті болмай қалуы сияқты келеңсіз жағдайлар тіркеліп жатады. «Туристік қамқор» қоры 2016 жылдың қарашасында азаматтардың құқығына кепілдік беру мақсатында құрылды.

2010-жылдары туроператорлардың банкрот болуы, алаяқтық, чартер әуе компанияларының проблемасы сияқты көптеген оқиға тіркелді. Сол кезде 12 мыңға жуық адам зардап шегіп, шығын көлемі ондаған миллион доллардан асып кетті. 2017 жылы турфирмалар тарапынан төрт алаяқтық іс-әрекет тіркелді. Одан 10-нан астам адам зардап шекті. 16 миллион теңге шығын келді. 2018 жылы 200 адам жеті турфирманың, олардың менеджерлерінің алаяқтығынан жапа шекті. Туристер 137 миллион теңгеге шығандалды. Осындай қиын кезде «Туристік қамқор» қоры қазақстандықтарға шұғыл көмек көрсетіп, елге қайтаруға кепіл болады.

Асылхан Есілов
Асылхан Есілов. Фото: «Туристік қамқор» баспасөз қызметі

Қор өзінің құрамындағы турфирма арқылы шетелге демалуға шыққан қазақстандықтардың туристік жолдамасының немесе кепілхатының алғашқы бетінде туркодтың болуын қамтамасыз етеді. Мұндай мүмкіндік бұған дейін болмаған. Егер туржолдаманың алғашқы бетінде туркод болмаса, турфирма заңсыз қызмет көрсетіп отыр дегенді білдіреді. Туркод бермеген компания туристің төтенше жағдайға тап болған кезінде шығынын мойнына алатынына кепілдік бермейді. Мысалы, турист шетелдегі қонақүйде немесе әуежайда төтенше жағдайға кезігуі мүмкін.

Екі жарым жыл ішінде туркодпен 700 мыңнан астам отандасымыз шетелге шығып, демалып келді.

Туристік код 11-13 (мемлекетке байланысты) қаріп пен цифрдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автомат түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек. Сонда шұғыл көмек ала алады. Бұл қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Туркод жеке параққа немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз.

— «Туристік қамқор» қорына қазіргі уақытта қанша туроператор мен турагент мүше? Тіркелген компания мен тіркелмегеннің айырмашылығы қандай?

— Туроператорлар «Туристік қамқор» жүйесіне кіруге міндетті. Қазіргі таңда Қазақстанда 120-ға жуық туристік компания жұмыс істейді. Соның 59-ы ғана — «Туристік қамқорға» мүше. Демек, қалған 61-ге жуық турфирма заң шеңберінде қызмет көрсетпейді, яғни сапалы қызмет те ұсынбайды. «Туристік қамқорға» мүше болмаған туроператор клиенттері демалыс кезінде тап болған қауіп-қатер мен төтенше жағдайларды жасырады. Соның кесірінен қайғылы оқиға болып, соңы екі жақтың соттасуымен аяқталып жатады. Қорға мүше туроператор әр турист үшін жарты айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасауы керек. Оны төлемесе, туроператордың қызметі заңсыз саналады.

«Туристік қамқорға» мүше 59 туроператор мен агенттің тізімі Fondkamkor.kz сайтында көрсетілген.

— «Туристік қамқор» шетелде қиындыққа тап болған туристерге қандай жағдайда көмектесе алмайды?

Өткен маусымда қазақстандықтардың ең көп барған елі — Түркия. Онда 148 мың адам демалып қайтты. Екінші орында Египет, оған 104 мың қазақстандық барған. Үшінші орында Біріккен Араб Әмірлігі, олар 33,5 мың қазақстандық туристі қабылдады. Төртінші орында 18 мың турист таңдаған Қытай мен Таиланд тұр. Бесінші орында Вьетнам, онда 4,5 мың турист демалып қайтты. 2018 жылы шетелге шыққан бірде-бір қазақстандықтың сақтандыру жағдайын пайдаланбағаны қуантады. Барлық компания міндеттерін адал орындады. Кішігірім мәселелер жедел түрде сол жерде шешімін тауып отырды.

Асылхан Есілов
Асылхан Есілов. Фото: Weproject.media

«Туристік қамқор» шетелде демалуға шыққан отандастарды төтенше жағдайға тап болған кезде 24 сағаттың ішінде елге оралуына жәрдемдеседі. Ондай кепіл жолдамасы қорға мүше туроператорлардан сатып алған жағдайда ғана беріледі. Басқа кезде бүкіл тәуекел мен жауапкершілік туристің мойнына артылады. Турист жолдамасын сатып алу кезінде фирма туркод бере ме, жоқ па, «Туристік қамқорға» мүше ме — осы жайттарды анықтап алған жөн. Көп жағдайда бұлай болмай жатады. Бұған дейін алданған азаматтардың көбі арзан бағадағы жолдамаға қызығып, қауіпсіздігін қаперіне алмады.

— Туроператорды қалай таңдау керек? Не нәрсеге мән беру қажет?

— Қазіргі таңда «Туристік қамқор» сайтында турагенттердің тізімі жасалды. Қор барлық қазақстандыққа туристік қызмет көрсету шартын жасағанға дейін турпакет туралы және оның қордың тізіміне кіретінін біліп алуын сұрайды. Туроператорлар турпакетті берген кезде туркодты да бірге табыстауы тиіс. Жұмыс сапарымен немесе жеке мақсатта шетелге шыққан азаматтарға бұл талап қолданылмайды. Турагенттің көмегінсіз шетелге демалысқа шыққан жағдайда туристе туркод болмайды, яғни ол кепілдік жүйесімен қорғалмайды. Әлеуметтік желідегі турфирмалардың әсерлі де, көркем безендірілген жарнамасына алданып қалмаңыздар. Көп қауіп үлкен жеңілдік ұсынған турфирмалардан болып жатады. Себебі нағыз сенімді, беделді туркомпания жарнаманы қажет етпейді. Олар — көп жыл бойы туристік салада қызмет етіп келе жатқан туробъектілер. Сондықтан 10-15 жылдық тәжірибесі мен мол базасы бар туркомпаниялардың қызметіне жүгінуге кеңес беремін.