Қызылордада тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға арналған 100 баспана пайдалануға берілді.
«Бәйтерек» ықшамауданындағы тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы бірнеше ай бұрын басталған еді. Оның 50 пәтері жергілікті қазына қаржысына салынған. Қалғанына Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры қаржы бөлген. 100 пәтер қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман қатысып, қоныстой иелерін құттықтады.
Соңғы жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып келе жатыр. 2013 жылы 230 мың шаршы метр баспана салынса, биылғы межеміз 800 мың шаршы метрге жетіп отыр. Төрт есе өскен. Қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қаржылық демеушілігімен «Баламекен» жобасы аясында Қызылордада аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында және балаларды қорғау мерекесі қарсаңында 100 пәтердің құрылысы рекорд екі ай мерзімде салынып, пайдалануға берілді. Облыс бюджетінен қосымша 50 пәтерге қаржы бөлініп, құрылысы жүріп жатыр. Олар маусым айында беріледі, — деді Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында соңғы 6 жыл ішінде Қызылорданың өзінде 15 ықшамаудан пайда болды.
Жаңа ауданның құрылысына кірістік. Қызылорда тарихында мұндай қарқынды құрылыс болған емес. 2019 жылдың соңына қарай Қызылорданың сол жағалауында 2 628 пәтерлік 13 көпқабатты тұрғын үй салып, оған 13 мың адамды қоныстандыруды жоспарлап отырмыз. Елбасының 2018 жылдың қаңтарындағы жолдауына орай болашақта бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету жоспарымызда бар, — деді Қырымбек Көшербаев.
«Бәйтерек» ықшамауданында пайдалануға берілгелі отырған баспаналардың жалпы ауданы — 6 500 шаршы метр.
Облыс әкімінің айтуынша, салынып жатқан 150 баспананың 149-ына көпбалалы отбасылар қоныстанады. Біреуіне халыққа қызмет көрсететін шағын орталық орналаспақ. Ол көпбалалы отбасыларға және осындағы жеке үйлерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар өңір басшысы алдағы жылы «Бәйтерек» ықшамауданына мектеп пен балабақша салуды жоспарға енгізетінін айтты.
Қызылорда облысында аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 431 пәтердің құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді. Жылдың соңына дейін 588 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі, — деді облыс әкімі.
Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарманның айтуынша, мемлекет тарапынан ғана емес, бизнес өкілдері тарапынан да халықтың әлжуаз топтарына қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бір дәлелі — Болат Өтемұратов қорының елдің әл-ауқатын артыру бағытында атқарып отырған жұмысы.
5 жыл бұрын іргесі қаланғаннан бері осы бағытта жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Қордың құрылтайшысы Болат Өтемұратов көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге үлесін қосуды ұйғарды. Біздің қорымыз 450 миллион теңге көлемінде қаражат бөліп, Қызылорда облысы әкімдігімен бірге наурыз айында «Баламекен» жобасын іске асыруға кірісті. Бүгінде жоспарымыз табысты болғанының куәсі болып отырмыз. Сол себепті көпбалалы аналар, балалар жайлы баспананың иесі болатынын ерекше тебіреніспен, үлкен қуанышпын айтқым келеді, — деді Алмас Шарман.
Бұдан кейін ел азаматтары көпбалалы отбасыларға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Баспанаға бірінші кезекте қол жеткізгендер — 10, 9, 8, 7 баласы бар отбасылар. Депутаттар мен қоғам белсенділерінен құралған тәуелсіз комиссия осындай шешім қабылдапты.
Мәселен, жаңа пәтер алған Айгүл Абайдуллаева — 10 баланың анасы. Баспаналы болсам деген арманы орындалғанына сене алар емес. Көз жасына ерік берді.
Қатты қуанып тұрмын. Шиіттей бала-шаға бар. Солардың несібесі деп білемін. Рамазан айында осындай сый нәсіп етті, — дейді ол.
Ал 7 баланың анасы Вера Жүсіпова «пәтер жалдап, көшіп-қонып жүретін күндер артта қалды» деп отыр.
Жарық, су, газ, жол, телефон байланысы — бәрі бар мында. Ризамыз. Жалпы, отбасымның тұрмыс жағдайымен әкімшіліктегі адамдар таныс. Баспанаға мұқтаж екенімізді де біледі. Кеше үй береміз деп хабарласқанда қуанып кеттім. Туыстарыма айтып, сүйінші сұрап, мәз болыстық, — дейді көпбалалы ана.
7 баланың анасы Ізімкүл Тұрсанова да қуанышында шек жоқ екенін айтты.
«Баламекен» деген жобаның арқасында көп жыл күткен пәтерімізді алдық. Енді осы жер балалар мекеніне айналады деп ойлаймын. Елбасыға, облыс басшылығына осындай қамқорлық көрсетіп жатқанына алғыс айтамын, — деді Ізімкүл Тұрсанова.